Ұлттық банк төрағасының орынбасары әкімшілік жауапкершілікке тартылды

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/f7oo1T0IWzr4YfxhtNKJTahjQ6oZ6OEibKDdQp1n.webp

Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабековаға әкімшілік айыппұл салды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Orda-ға сілтеп.

Іс Жоғары аудиторлық палатаның Ұлттық банктің активтерді пайдалануына және зейнетақы активтерін басқаруына жүргізген аудитінен кейін қаралды. Тексеру қорытындысы бойынша 2025 жылы желтоқсанда Ұлттық банкке 35 тармақтан тұратын нұсқама берілген. Оның екі тармағы белгіленген мерзімде орындалмаған. Бірінші талап инвестициялық портфельді басқаруға қатысы жоқ қызметкерлерге төленген сыйақыларды қайтаруға қатысты болған. Ұлттық банк бұл қаражатты 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін қайтаруы тиіс еді. Алайда реттеуші Азаматтық кодекс нормаларына сүйене отырып, төлемдердің жұмыс берушінің актілері негізінде жүргізілгенін және оларды негізсіз баю ретінде қайтару мүмкін еместігін хабарлаған.

Екінші талапқа сәйкес, Ұлттық банк 2026 жылғы 20 наурызға дейін «Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы» АҚ үшін комиссиялық сыйақыны есептеудің бірыңғай тәсілін әзірлеуі қажет болған. Алайда мерзімді 31 тамызға дейін ұзарту туралы өтініш тек 13 мамырда жолданған.

Сот отырысында Әлия Молдабекова өз кінәсін мойындамай, құқық бұзушылықтың елеусіз екенін алға тартып, істі тоқтатуды сұрады. Ал Жоғары аудиторлық палатаның өкілі Ұлттық банк талаптарды уақытында орындамағанын және кейбір жауаптардың әкімшілік хаттама жасалғаннан кейін ғана жолданғанын айтты. Сот Ұлттық банк төрағасы орынбасарын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі («Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының заңды талаптарын немесе нұсқамаларын орындамау немесе тиісінше орындамау») бойынша кінәлі деп танып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 64 875 теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

 

Пікірлер