Елімізде қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалды. Бұл туралы бүгін, 13 шілдеде Денсаулық сақтау министрлігі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Құрмет белгісінің алғашқы иегерлері бекітілген талаптарға толық сәйкес келетін 481 тұрақты донор болады.
Үкіметі қабылдаған қаулыға сәйкес ведомстволық төсбелгі Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға өтеусіз негізде донорлық жасағаны үшін беріледі. Атап айтқанда, қан және (немесе) тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет болуы тиіс.
«Бұл шешім арқылы Үкімет адам өмірін құтқару жолында тұрақты әрі өтеусіз донорлық жасап жүрген қазақстандықтардың еңбегіне тарихи әділдік орнатты. Енді олардың игі ісі ерекше мәртебемен айқындалып, жоғары бағаланып отыр»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасайды.
