Моңғолияда Ұлттық фестиваль – Наадам мерекесі басталды

113
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dTMJ1QQo66bk2HCu99nLSXDGZgtWURgbhPMglyTp.png

Фото: МОНЦАМЭ

Моңғолияда Моңғол мемлекетінің құрылғанына – 2235 жыл, Ұлы Моңғол империясының құрылғанына – 820 жыл, ұлттық егемендік пен тәуелсіздіктің қалпына келтірілгеніне – 115 жыл, Халық революциясының жеңісіне – 105 жыл және Демократиялық революцияның жеңісіне 36 жыл толуына арналған Ұлттық Наадам мерекесі басталды.

Ел астанасының орталық стадионында Наадамның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, онда Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх құттықтау сөз сөйледі.

Биылғы Наадамның ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде жұбайы Ким Хе Гёнмен бірге Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мён қатысты. Ол Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің шақыруымен елге мемлекеттік сапармен келді.

Президент Ухнаагийн Хүрэлсүх өз сөзінде ата-бабалар құрған Ғұн империясынан бастау алатын моңғолдың Наадам мерекесі мемлекет дәстүрін, тарихи және мәдени мұраны, моңғол халқының бірлігі мен ынтымағын, елдің тәуелсіздігі мен өркендеуін айшықтайтын ұлы ұлттық мереке екенін атап өтті.

«Моңғол мемлекеті тарихындағы айтулы даталарға арналған, әлемде теңдесі жоқ Ұлттық Наадам мерекесімен барша моңғол халқын және қадірлі қонақтарды құттықтаймын», – деді мемлекет басшысы.

Биылғы ресми ашылу рәсіміне кәсіби шығармашылық ұжымдар, жеке студиялар, продюсерлік компаниялар мен тәуелсіз өнер қайраткерлерінен құралған екі мыңнан астам өнерпаз қатысты.

Мерекелік бағдарламаның шарықтау шегі 11-13 шілде аралығында Хүй долоон худаг өңірінде өтетін Дүниежүзілік жылқы күніне арналған іс-шаралар болмақ. Бұл күн Моңғолия Президентінің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен бекітілген. Оның мақсаты – жылқы шаруашылығы мәдениетін, көшпелі өмір салтын және моңғол халқының дәстүрлерін сақтау, сондай-ақ жылқыға қатысты бай мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау.

Пікірлер