Бүгін Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух Түркия Республикасының президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы МОНЦАМЭ-ге сілтеме жасап.
Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсухты, бірінші ханым Лувсандоржийн Болорцэцэгті және олармен бірге келген делегацияны Анкара қаласындағы "Эсенбоа" халықаралық әуежайында Түркия Республикасының ішкі істер министрі Али Ерлікая және Моңғолияның Түркия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Г. Мунхбаяр қарсы алды.
Моңғол көшбасшысының бұл сапары екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 55 жыл толуына орайластырылған. Бұл - соңғы 21 жылда Моңғолия президентінің Түркияға жасаған алғашқы сапары.
Мемлекеттік сапар аясында екі ел президенттері жеке кездесулер, ресми келіссөздер өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары алдында мәлімдеме жасайды.
Сапар барысында білім беру, жастар және спорт, денсаулық сақтау және медициналық ғылымдар саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, пайдалы қазбаларды өндіру, көлік, инфрақұрылым, орман шаруашылығы, құқық және әділет салаларындағы ынтымақтастық туралы маңызды 10-нан астам құжатқа қол қою жоспарланған.
Моңғолия мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1969 жылы 24 маусымда орнаған. Моңғолия 1997 жылы Анкарада өз елшілігін ашса, Түркия 1996 жылы Ұлан-Батырда өз елшілігін ашқан.
Еске сала кетейік, 12 қаңтар күні Ұлан-Баторда мыңдаған адам жиналып, наразылық шеруін өткізіп, үкіметтен сыбайлас жемқорлықпен күрес, жолдағы кептелістерді азайту, салықтарды төмендету сынды мәселелерді шешуді талап етті.