Жасылдар "бүлігі". Партия съезінде басшыны кетіру мәселесі көтерілді

116
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QECexPw09EEmoVF0R2n5nIaSo90tzI9LOWf4PG75.jpg

Бейсенбі күні өткен «Байтақ» жасылдар партиясының съезінде дау шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Власть» басылымына сілтеме жасап.

Партияның бірқатар мүшесінің айтуынша, оларды жиынға кіргізбеген. Ал саяси кеңес пен саяси бюроның кейбір өкілі сайлауда табысқа жету үшін партия төрағасы Азаматхан Әміртайды ауыстыру мәселесін көтерді.

Азаматхан Әміртай сөз сөйлеп тұрған кезде мінберге партияның саяси бюросы мен саяси кеңесінің мүшесі, Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне енген Асқар Иманәлиев көтерілді. Ол партияның сайлауалды бағдарламасында экологиялық мәселелердің үлесі небәрі 3 пайыз екенін айтты.

«Егер осы платформадан «Байтақ» деген атауды алып тастасаңыз, оны кез келген басқа партияға бере салуға болады», – деді ол.

Иманәлиевтің сөзіне делегаттар наразылықпен жауап берді. Ал Азаматхан Әміртай қарсыласын микрофоннан алыстатуға тырысты.

«2023 жылғы сайлауда жасылдар партиясы 144-148 мың дауыс жинады. Ал «бәріне қарсымын» деген бағанға 240 мың адам дауыс берді. Біз бос бағаннан жеңіліп отырмыз. Осыны ойлаңыздар», – деді Иманәлиев.

Ол Азаматхан Әміртайға құрметпен қарайтынын айта отырып, жаңа Конституция жағдайында бірқатар партияда төрағалар ауысқанын еске салды және төрағаны қайта сайлау мәселесін күн тәртібіне енгізуді ұсынды.

«Төрағаны қайта сайлау мәселесін қарайық. Егер делегаттар оны қолдаса, бұл оның беделін одан әрі күшейтеді», – деді Иманәлиев.

Әміртай бұл ұсыныспен келісетінін айтқанымен, журналистерді залдан шығаруды талап етіп, күзет шақыруды сұрады. Оның пікірінше, журналистер мінбер маңында түсірілім жасап, съездің өтуіне кедергі келтірген. Алайда тілшілер микрофон өшіп қалғандықтан, дыбысты жазып алу үшін мінберге жақын тұруға мәжбүр болған.

Осы уақытта съезд өтіп жатқан ғимараттың фойесінде де келіспеушіліктер болды. Бірнеше партия мүшесі жиынға келгенімен, ішке кіргізілмегендерін айтты.

Партия төрағасының кеңесшісі әрі жасыл саясат департаментінің бұрынғы басшысы Азамат Аяйбергеновтің айтуынша, партия Құрылтайға өтіп, Конституцияда бекітілген экологиялық бастамаларды жүзеге асыруы тиіс.

«Біз ешкімге қарсы емеспіз, тек ашықтықты қалаймыз. Кеше жарияланған зерттеу нәтижесінде «Байтақ» партиясына сенім білдіргендер үлесі 1,1 пайыз ғана болды. Мұндай жағдаймен келісуге болмайды. Құрылтайда экологиялық фракция болуы қажет», – деді ол.

Аяйбергенов съезге келгенде өзін партия қатарынан шығарылғанын білгенін айтты. Бірақ, оның сөзінше, бұл жөнінде ешқандай ресми құжат алмаған, тіпті екі күн бұрын ғана оны Құрылтайға кандидаттар тізіміне енгізу мәселесі қаралған.

Партия саяси кеңесінің мүшесі Ерлан Қыдырбаев та кейбір өкілдердің съезге жіберілмегенін растады. Оның айтуынша, Жетісу облыстық филиалының өкілдері болмағандықтан, съезд заңды күшке ие емес.

«Жетісу филиалы жоқ. Біз төрағаны ауыстыру мәселесін көтердік. Бірақ партия жарғысына сәйкес съездегі кез келген мәселе барлық филиалдың қатысуымен қаралуы тиіс. Бір филиал жоқ болса, съездің заңдылығына күмән туындайды», – деді Қыдырбаев.

Съезд аяқталғаннан кейін Азаматхан Әміртай журналистерге жиынның заңды өткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жарғы бойынша съездің заңды болуы үшін филиалдардың кемінде үштен екісі қатысуы жеткілікті.

Айта кетейік, бүгін «Байтақ» партиясы төрағасын қайта сайлау мәселесі съездің күн тәртібіне енгізілген жоқ.

Бұған дейін Азаматхан Әміртай өзін партия қатарынан шығарып жібергені туралы ақпаратты қара пиарға балаған еді.

Пікірлер