Азаматхан Әміртай. Жаңа экономикалық саясат қажет

5005
Adyrna.kz Telegram

Еліміз соңғы 20 жылда тек шикізаттық экономиканы ғана құрды. Жеріміздегі бар байлықты пайдалана алмадық. Экономика әр тараптандырылмады. Тек мұнай мен газдан, түсті металдан түскен долларға малдандық. Әрине, қара алтынның бағасы ұшып, бір баррелі 100 доллардан асып тұрғанда ұртымыз майланып, мұртымызды балта шаппайтын күй кешкеніміз анық. Бірақ бұл тұрақты пайда әкеліп тұрған сала емес. Мұнайды пұл етіп, саудалап отырған алпауыт елдер арасындағы теке-тірестерде, көмірсутегі отындарының бағасы құлап, қиындықты бастан өткерген кездерде болды.

Дәл қазірде сондай күйзелісті жағдайды бастан өткеріп жатырмыз. Мұнай бағамының құлдырауы, Коронавирустың жер-жаһанды құрсап, тыпыр еткізбеуі әлем экономикасын баяулатты. Ал, еліміздің экономикасы тұралап қалды деуге болады. Қайтпек керек? Демек жаңа экономикалық саясат қажет. Яғни экономиканы түбегейлі реформалау кезі келді. Біз бұл мәселені былтырдан бері көтеріп келеміз. Бірақ сең бұзылған жоқ. Үкімет іліп алып кете алмады. Бәлкім бүгінгі Үкімет біліксіз, өресі жетпейтін болар. Не істеу керек? Азия «жолбарыстары» атанған елдердің экономикадағы әбжіл реформаларынан үйрену керек. Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань, Малайзиядағы экономикалық секірістердің қыр-сырын зерттедік. Ең бастысы бұл елдерге тән нәрсе, ол - терең білім, жұмысшылардың тәртіптілігі яғни мемлекет дүниесін өз жеке меншігіндей қарауы және заманауи технологияны өндіріске батыл түрде енгізе білуі. Осы үш дүние мешеу отырған Азия елдерін, алдыңғы қатарға алып шықты.

Әрине бұл елдердің даму жолдары әр түрлі болғанымен, қай - қайсыда орта және шағын бизнеске үлкен көңіл бөлді. Дамуына жол ашты. Ел экономикасының негізгі тегершігі деп санады. Және дұрыс істеді. Ел экономикасына үлкен реформа жүргізген, Оңтүстік Кореялық Пак Чжон Хи, Малайзиялық Махатхир Мохамад, Тайваньдық Цзян Цзинго және Сингапурлық Ли Куан Ю өздері тізгінін ұстаған мемлекеттерді мешеу қалпынан жетекке алып, дамыған елдердің қатарына қосты. Ал, бізде осынай мықты реформаторлар болмады. Немесе болсада оларға жол берілмеді. Сондай-ақ барлық салаға дендеп енген жемқорлық, парақорлық экономикаға тұсау болды. Ли Куан Ю - дың «Тәртіп орнатуды алдымен туыстарыңыздан бастаңыз. Ең жақын адамыңыздың бір-екеуін жемқорлығы үшін түрмеге отырғызсаңыз, сонда бәрі орнына келеді» деп айтқаны біздің елге жүрмеді. Бұл үлкен қателіктің бірі еді. Енді осы кеткен қателікті түзейтін кез келді. Жемқорлықты ауыздықтау өз алдына, бізге керегі экономикалық реформа. Дәл қазір осыны жүзеге асыру қажет.

Ол үшін бүгінгі Үкіметті таратып, жаңаҮкіметті жасақтаудан бастаған жөн болар еді. Жаңа Үкіметке сөз жоқ, экономикадан, бизнестен хабары мол, ысылған, тәжірибелі азаматтар қажет. Олардың міндеті, өндірісті отандық өнім даярлайтын деңгейге жеткізу, шағын және орта бизнестің күре тамырына қан жүгірту. Бұл бірінші орында тұруы шарт. Өйткені Шағын бизнес халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, жаңа қосымша жұмыс орындарының ашылуын қамтамассыз ететін тетік.

Мен бұл жөнінде президент Қасым – Жомарт Тоқаевпен кездескенде көтерген едім. Ел экономикасында шағын және орта бизнестің үлесі 70 пайызға жеткен кезде, ешқандай дағдарыстан қорықпай, одан қиналмай өтуге қол жеткізуге болатынын, шағын және орта бизнесті дамыту жаңа экономикалық саясатта басты мәселенің бірі болуы шарт екенін жеткізгенмін. Президент қолдау болатынын айтқан. Алайда, Үкімет асығар емес.

Экологиялық альянс «Байтақ болашақ» төрағасы

Пікірлер