Жалпақтал көтерілісі. 1991 жылғы Орал көтерілісінің 35 жылдығына орай

172
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TyRddsMaNGLtdUKuv5pwVqBzf8m4JduH2r2NINzC.jpg

«Қайталаған дерт жаман, қайта бұзған серт жаман», - араға ай салмай жатып Батыс Қазақстанда 199І жылғы Орал көтерілісінен соң облыс халқын елең еткізген бір оқиға тағы қайталанды.

1991 жылы қазанның 18-күні Орал облысы Жалпақтал ауданы «Ақкөл совхозында халық ереуілге шықты. Ауданның орталығына 4 мыңдай адам жиналды.

Оқиға былай болған еді. Аудан басшылары халықтың келісімінсіз ту сыртынан 4 мың га жерін сырттан келген Саратов қаласының «Нарат» акционерлік қоғамына «сауықтандыру орнын салады» деген сылтаумен 60 жылға сатып жібереді. Аудандық “Қазақ тілі” қоғамының ол кездегі төраймы бұқараға белгілі ақын қызымыз Дариға Мұштанова еді.

«Қонақ келсе құт, қарақшы келсе жұт», әлгі пысықайлар алған жерлерін сауықтандыру емес, аң-құсын, қабанын атып, балығын аулайтын жеке қорықтарына айналдырып, бір күнде аудан халқының ең шұрайлы жерлері өзені мен айнала тоғайына қожа болып шыға келеді. Басынғандары соншалық, аң-құсын, балығын Ресейіне тасып қарық болып жатады. Тіптен бара-бара көлге келген малын үркітіп, аудан халқын да жолатпай, мылтықпен атып қуа бастайды. Олардың мұнысы бір кездерде отаршылдарың аң орнына жазықсыз қазақтарды мылтықпен атып қуғандай басыну еді. Айтатындары: «Бұл жер - Ресейдікі, бізге сатылған. Ендігі қожасы - біз» - дегенге дейін барады. Келімсектердің басынуы жергілікті халықтың ыза-кегін оятып, ашындырса керек. Мұның арты жергілікті жастар мен келімсектер арасында төбелеске ұласып, адамдар жарақат алып, ауруханаға түскен қанды оқиғаларға жалғасады. 
Экологиялық, демографиялық және өзге де зардаптарға апарып соқтыруы мүмкін кез-келген кәсіпорындар құру, оның табиғи ресурстарын пайдалану тек жергілікті халықтың келісімімен ғана шешiлуi тиістігі, сондай-ақ аудан, ауыл шеңберіндегі табиғи ресурстар оның суы, орман, жануарлар дүниесі жергілікті халықтың табыс көзі болып табылатыны және оны игеру мен иеленуде аудан халқы басым мүмкіндікке ие екендігі жер туралы Кодекстің 10-шы, 31-ші баптарында анық жазылған. Осындай басым құқықтарға ие бола тұра, аудан басшыларының заңды белден басып, халықтың ту сыртынан бармақ басты келісім жасап, жерді келімсектердің қанжығасына байлап, беру қылмыспен парапар еді. Қыркүйектен кейін оқиғаның бұлай екінші рет қайталануы облыс, аудан басшыларына әрине, оңай соқпады. Олар халықтың сын тезіне ұшырап жатты.

«Азат» қозғалысы бұл мәселені қыркүйек оқиғаларынан бөліп қарамайтындығын айтып, қоғамдық ахуал одан әрі ушығып кетпей тұрғанда, «тексеру комиссиясын» құру қажеттігін сұрады. 

Қорыта айтқанда, қашан Қазақстанда отарсыздану саясаты түбегейлі жүзеге асып, оны жүзінде ғана емес, іс жүзінде де өз жеріне толыққанды ұлт ретінде еш күмансыз және алаңсыз ие болмайынша, жер мәселесінде экономикалық, әлеуметтік. ұлттық, саяси, аймақтық ерекшеліктері мұқият ескеріліп ешқандай дау-дамай, қақтығыстарға жол бермейтін механизмі нақтыланбайынша, жерді сату мәселесі күн тәртібіне қойылуға тиіс емес. Бір оқиғадан кейін жер дауының екінші рет қайталануы «саяси арандатушылық» деп түсінеміз. Жерді сату елді сатумен бірдей. Ұлтарақтай жер сатып, ұлттық ұяны бұзуға бағытталған әрекет заңмен жазалануы тиіс еді. 
Бұл кезде ауданда дау үлкен халық толқуларына ұласып, сол көтерілістің бастауына Д.Мұштанова жетекшілік еткен  аудандық Қазақ тілі қоғамы белсенділері жүрді. 

Кеше ғана казактардың «жер біздікі» деп, автономия жарияламақ болған қоқан-лоққысынан әрең құтылып, енді ашуы тарқай бастаған халыққа бұл өктемдік жайдың оғындай әсер етті. Мүмкін бұл жергілікті әкімдердің ауданды экономикалық дағдарыстан шығарудың өздерінше ойлап тапқан ұтымды практикалық жолы болар, ал келімсектердің ойы керісінше болып, мақсаты жер сатып алып, оны базар пұлына айналдыру, пайда табу емес, түп дәмесін бүркемелеп «көкейімізді көптің көзі шалып қалмағай еді», - деген қауіптен туындаған екінші бір саяси әрекеттің бастауы - болып шықса қайтпекпіз? Аудан басшыларының жерді пайдаланудағы жіберген өрескел бұл қателіктері қалай болғанда да жер дауын туғызған қарекет болды. 

Жалпақтал оқиғасын халқымыздың айтыскер ақыны Дариға Мұштанова былай деп еске алады: «...Халық у-шу. Бастықтар қамалып іште отыр. Бір кезде қазақтың қамын ойлайтын «Қазақ тілі» қоғамы қайда? - деп, ел маған шүйілді. «Неге шақырмайсың? Әкімдерге елмен тілдес деп неге айтпайсың?» - деп жатыр. Осы кезде Шалабаев та машинасымен келіп тоқтай қалып еді, халық оны ішке кіргізбей ортаға алды. Жан-жақтан ашулы сөздер, сұрақтар борады. 

«Ақкөлдегі» ереуілдегі жұртшылықтың біразы Жалпақталға да жетіп үлгерген екен. «Мұнда келіп не дер екен деп, әдейі келдік» деп олар жүр. «Халайық, абыржымаңдар жерді сатқан ешкім жоқ. Мен қазір сіздерге түсіндірейін, жана ғана «Ақкөлге» барып, ондағыларға түсіндіріп, таратып келдім. Азғантай шоғыр ғана, олар да тарады», - деп әңгіме бастай берген әкімге қарай арт жақтан тас зу ете қалды. Әлі есімде, Шалабаевтың қасында тұрған ұзын бойлы бір апайдың маңдайына барып тас сарт етті. Шекесінен қан саулаған апай алақанына сүртіп алды да, оны Шалабаевтың үсті-басына жағуға тап берді. «Бұл тас маған емес, саған көзделген! Мә, саған жер сату, мә, саған ел сату» деп, басқа-көзге төпеп жүр. Орындығынан секіріп түскен әкіміміз «апалап» бас сауғалап жатыр. Ызаға булыққан көпшілік Шалабаев келген соң, мысық табандап сыртқа шыққан әкімдер тобына тап берді. Сол сәтте көпшіліктің аяғының арасымен қашып бара жатқан Шалабаевты көріп қалдым. 

Ию-кию айғай. Милиционерлер де араласып жүр. Әзер Алла деп, халықты сөз тыңдауға көндіріп, «ертең митингіге рұқсат алайық, содан соң осы жерде жиналып, сөйлесерміз» деп мәмілеге келдік. Ушығып алған жұртшылық «ешкімге сенбейміз», "осы жерден тарамаймыз Алдайды бұлар!» деп шулап жатыр. Ақыры «Жер иесі - халық» деп ереуілге ат қойып, өздері сенген тоғыз адамнан штаб-комитет құрды. «Қазақ тілінің» қазақ тілі екені рас болса, қызметімізге жүр!» деген әмірмен мені сол штабтың жетекшісі етіп бекітті. Ел жайлап-жайлап тарады. Ал біз, әлгі тоғызымыз, облыстық кеңес және атқару комитетінің төрағасы Н.Есқалиевке, облыстық «Орал өңірі» газетіне, облыстық телевидениеге мән-жайды баяндап, жеделхат жолдап, ертең митингіге катысуға шақырдық. 

Ертеңгі басталған митингте аудан басшылары кезек-кезек сөз алып, өз қылықтарын түсіндірсе, қарапайым азаматтар олардың елге жасал отырған әлімжеттіктерін, әділетсіздіктерін беттеріне соғып, сойып жатты. «Күнделікті тұрмыстағы астамшылықтарын аз болғандай, жерімізге неге қол салдыңдар? «Алпыс жылға жалға алдық, бұл жер біздікі, балығы да, құсы да, шөбі де біздің билікте жоламандар!» - деп мылтық атып, қуып жүрген Ресейліктер енді алпыс жылдан кейін ұрпағымызды түгел бұл жерден қуып шықпай ма?..» 

Сол күні ертеңнен қара кешке дейін созылған митингіде халық іштен тынған ашу-ызасын бір-ақ ақтарды. «Жер дауы» дегеннің жолындағының бәрін қопаратын өзекті жара екенін мен сол күні түсіндім. Сөйтіп, қапелімде қанша қиналса да, қозғалмайтын халықтың «жер дегенде» жаны күйетініне куә болдым. Қазақта «жерің тарылмасын» деген сөз бар. Бабалардан қалған дархан мұра - жазира жерге әбден бауыр басқан, кеңдікке үйренген қазақ, үшін мәселе Жер-Ана екен. Сөйтіп, халық мұны дәлелдеп, жер-суын, шабындығы мен емдік сорларын қорғап қалды. «Ақкөл - ана, анасын  сатқан бала елге пана болмайды» деген болатын сол жорықта жаулықтарын ту етіп алға шыққан Аналар» - деп жазды Д.Мұштанова өзінің естелігінде.

Нәтижесінде Жалпақтал оқиғасын зерттейтін комиссия құрылды. Халықтың талабымен құрылған Облыстық кеңес жанын құрылған тексеру комиссиясы аудан басшылары Қазақ KCP жер кодексінің 3-ші және 48 бабының 2-ші тармағын тікелей бұзған. Осы мәселеге байланысты алынған шешімдер халықтың келісімінсіз жүргізілген деген қорытындыға келіп, аудан басшылары орнынан босатылды. «Осы оқиғалардың тағылымы қандай» деген сұраққа: «...қазіргідей күрделі, киын кезде өте сақ болған дұрыс. Халықтың пікірін, ойын, мүддесін, әсіресе заң талаптарын жақсы білу, осыған сай қимыл жасау керек. Ал, Жалпақталдағы жайда, осы ескерілмеген», - деп қорытындылады облыстық кеңес құрған комиссия төрағасы мемлекеттік-құқық бөлімінің меңгерушісі А.Жаманбаев («Орал өңірі» 29.10.1991). 

Жалпақталдағы бұл көтеріліс те 1991 жылғы Орал көтерілісінің бір парағы боп тарихқа енді. (Қараңыз: 1991, қыркүйек - “Орал оқиғасы” кітабы, 2001 жыл. 216-217-218-219-220-221 бет).

Пікірлер