Қазақстанда экономиканың өсуі және шикізаттық емес салалардың күшеюі байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның айтуынша, сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлауына қарамастан, Қазақстан экономикасы сапалы өсуді көрсетіп отыр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 6,5%-ды құраған, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.
«Осы жылы оң динамика сақталуда. Қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша экономика 3,7%-ға өсті. Экономикалық өсім шикізатқа жатпайтын сектор салаларындағы белсенділіктің артуы есебінен қамтамасыз етіліп жатқаны ерекше маңызды. Мұнай өндіруді есепке алмағанда өсім 5%-дан асады, бұл экономика құрылымының біртіндеп өзгеруін және шикізатқа жатпайтын салалар рөлінің күшеюін көрсетеді»,— деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ ол президенттің экономикалық өсудің жаңа моделіне көшу жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Министр Үкімет жүргізіп жатқан жұмыс азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы тұрақты дамытуға және оның бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталғанын атап өтті.
«Халықтың нақты табысын арттыру Үкімет үшін негізгі басымдық болып саналады. Ол үшін Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 2026 – 2028 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыруда. Сондай-ақ биыл біз Халықтың табысын арттыру бойынша жеке бағдарлама қабылдадық», — деді Серік Жұманғарин.
Елімізде жалақыны арттыру, сапалы жұмыс орындарын құру, борыштық жүктемені азайту және кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру бойынша шаралар қабылданатыны да атап өтілді.
