Қазақстан Қытайдан жанармай импортын кеден cалығынсыз жүзеге асыруды жоспарлап отыр

143
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/seszv3geDHdw9DRPp54l6Cbn584ckgvyHTzeRNdK.png

Фото: ЖИ көмегімен

Қазақстан үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан әкелінетін жанар-жағармай материалдарына (ЖЖМ) салынатын импорттық кедендік баж салағын нөлге дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жәнел Күшікова айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Оның айтуынша, тиісті шешім қазір Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қарастырылып жатыр. Бұл бастама Ресейдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, ішкі нарықта жанармай тапшылығы туындаған жағдайда балама жеткізу арнасын қалыптастыруды көздейді.

«Біз Еуразиялық экономикалық комиссия аясында үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан жанармай импортын ынталандыру үшін импорттық кедендік баждарды төмендету туралы шешім қабылдап жатырмыз», – деді вице-министр.

Жәнел Күшікованың сөзінше, баж салығын нөлге дейін төмендету жоспарланып отыр. Бұл жанармайды кедендік төлемсіз импорттауға мүмкіндік береді.

Жеңілдетілген тәртіп бір жыл бойы күшінде болады деп жоспарланған. Ол бензинге, дизель отынына және авиациялық жанармайға қатысты қолданылады. Сонымен қатар импорт көлеміне алдын ала шектеу қойылмайды. Жеткізу көлемі ішкі нарықтың сұранысына қарай анықталмақ.

Сонымен бірге Қазақстан жанармайды елден шығаруға қойылған шектеулерді сақтайды. Вице-министрдің айтуынша, мұндай шектеулер бұрыннан қолданыста және ішкі нарықты қамтамасыз ету мақсатында әр алты ай сайын ұзартылып отырады.

Қазіргі таңда Ресей Қазақстанға жанармай жеткізетін негізгі елдердің бірі саналады. Алайда көрші елдегі мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстары мен өндірістің қысқаруына байланысты Ресейдің өзі де жанармай тапшылығына тап болған.

Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, Ресейде бензин өндірісі өткен жылмен салыстырғанда шамамен төрттен бірге азайғанын хабарлаған. Осыған байланысты Мәскеу көрші елдерден қосымша жанармай іздеуге мәжбүр болған. Агенттік мәліметінше, Ресей Қазақстаннан шамамен 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензин жеткізуді сұраған. Алайда Қазақстан тарапы қазіргі уақытқа дейін Ресей тарапынан бұл мәселеге қатысты ресми өтініш түспегенін айтты.

Пікірлер