Temu Польша мен Нидерландыда тұтынушыларын жоғалтып жатыр

202
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bNO5Y2qGhawbfoDsQS6EvLovTGCizE0N2tCJo5em.jpg

Temu маркетплейсі Еуропада сатып алушыларынан айырылып жатыр. Қытайлық сауда платформасының танымалдығы төмендеп бара жатқаны туралы Нидерланд пен Польша бұқаралық ақпарат құралдары жазуда. Сарапшылар мұның негізгі себептері ретінде Еуропалық одақ енгізген баж салығына байланысты тауарлардың қымбаттауын және «жаңалық әсерінің» бәсеңдеуін атайды.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Еуропалық одақта шетелден құны 150 еуроға дейінгі сәлемдемелерге 3 еуро көлемінде белгіленген баж салығы енгізілді. Бұл шара, ең алдымен, Temu мен Shein сияқты қытайлық маркетплейстердің жергілікті нарықтарға экспансиясын тежеуге бағытталған.

«Еуропалық одаққа күн сайын құны төмен миллиондаған сәлемдеме жеткізіледі. Олардың көпшілігінде ЕО қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтін, құны төмендетіліп көрсетілген немесе кедендік баж салығын айналып өту үшін жалған декларацияланған тауарлар бар.

Сонымен қатар қазіргі қолданыстағы баж салығынан босату тәртібі ЕО-ға кірмейтін елдердің сатушыларына Еуропада тауар өндіретін немесе сататын кәсіпорындарға қарағанда әділетсіз артықшылық береді.

ЕО бірыңғай нарықты нығайту және Еуропада тауарлар мен қызметтерді сататын барлық компаниялардың қауіпсіздік пен сәйкестік талаптарын сақтай отырып, тең жағдайда бәсекелесуін қамтамасыз ету үшін кедендік рәсімдерді жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр», – деп бұған дейін еуропалық БАҚ жазған.

Енгізілген шаралар нәтиже бере бастаған. RTL Nieuws жүргізген сауалнамаға сәйкес, шілдеде жаңа баж салығы енгізілгеннен бері Нидерланд тұрғындарының 46 пайызы Temu, Shein және AliExpress секілді қытайлық интернет-дүкендерден тауарға тапсырыс беруді сиреткен. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі жаңа баж салығын қолдайтынын айтқан. Мұндай пікірді респонденттердің 67 пайызы білдірген.

Сауалнамаға қатысқандардың 64 пайызы Temu мен Shein-дегі тауарлардың сапасы өте төмен екенін атап өткен. Респонденттердің бірі жасанды гүлге тапсырыс бергенін, алайда оның орнына жапсырма келгенін айтқан. Тағы бірі футболкалардың сапасы соншалықты нашар болғанын, тіпті олар «күріш қағазынан жасалғандай» көрінгенін еске алған.

Сауалнамаға қатысқандардың шамамен төрттен үші (73%) Temu мен Shein-дегі тауарлардың бағасы олардың сапасына сәйкес келмейтінін айтқан. Үштен бірі қытайлық маркетплейстердегі тауарлардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын білдірген.

Респонденттердің шамамен 10 пайызы жылдам сән индустриясы ынталандыратын шамадан тыс тұтынудың қоршаған ортаға әсеріне алаңдайды. Ал 7 пайызы Қытайдағы еңбек жағдайларының талапқа сай болмауына қатысты алаңдаушылық білдірген.

Польшада да Temu-ға қызығушылық төмендеді

Польшада да жағдай ұқсас. Соңғы бір айдың өзінде Temu пайдаланушыларының саны 3,5 миллионға азайып, соңғы бір жарым жылдағы ең төменгі көрсеткішке жеткен. Нарықты Mediapanel Gemius зерттеген.

«Бұл бір реттік құлдырау емес, алты ай бойы жалғасып келе жатқан жүйелі төмендеу. Бұл платформа дамуының белгілі бір кезеңі Польшада аяқталып келе жатқанын көрсетеді. Жаңалық әсері әлсіреп барады. Оның себебі маркетингке жұмсалатын шығындардың қысқаруы емес сияқты. Gemius деректеріне сәйкес, Temu Польшадағы интернет-жарнамаға ең көп қаржы жұмсайтын компаниялардың қатарында әлі де бар. Пайдаланушылар саны осы шығындарға қарамастан азайып жатыр», – дейді цифрлық коммерция саласында жұмыс істейтін Fast White Cat компаниясының бас консультанты әрі басқарма мүшесі Якуб Райский.

Польшаның IT саласындағы Univio компаниясының стратегиялық кеңесшісі әрі нарық сарапшысы Себастьян Блашкевич Temu-ға деген қызығушылықтың айтарлықтай төмендеуі тек Еуропада ғана байқалмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, маркетплейстің агрессивті жарнамасы да бұрынғыдай нәтиже бермей отыр.

«Temu Польшадағы позициясын екі негізгі факторға сүйеніп қалыптастырды: жарнамаға көп қаражат жұмсау және клиенттердің тартымды ұсыныстарға тәуелділігі. 2026 жылы осы екі фактор да айтарлықтай әлсірей бастады. Бұл платформаның өсу қарқынына әсер етіп отыр. Бар болғаны бес айдың ішінде Temu Польшада 3,6 миллион пайдаланушысынан айырылды», – дейді Себастьян Блашкевич.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі көрсеткіштер алдағы уақытта бұдан да ауқымды өзгерістердің бастамасы болуы мүмкін.

Қазақстанға да әсері бар

Қазақстанда да, басқа да бірқатар елдердегідей, қытайлық маркетплейстердің жергілікті нарықтарға жылдам еніп жатқаны байқалады. Сарапшылардың пікірінше, бұл болашақта отандық кәсіпкерлердің бір бөлігінің жабылуына, соның салдарынан жұмыссыздықтың өсуіне және бюджетке түсетін салық көлемінің азаюына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар қазіргі уақытта қазақстандық кәсіпкерлер шетелдік бәсекелестеріне қарағанда тиімсіз жағдайда тұр. Отандық компаниялар әлеуметтік аударымдарды қоса алғанда, салықтардың толық пакетін төлейді. Ал шетелдік компаниялар негізінен ҚҚС-қа тең «Google салығын» ғана төлейді.

Бұл мәселеге депутат Азат Перуашев бірнеше рет назар аударған.

«Біз ережелердің әділ, жағдайдың тең болғанын қалаймыз. Біздің кәсіпкерлерге ең болмағанда төлейтін салықтық жүктеме бойынша шетелдік бәсекелестерімен тең жағдай жасаңыздар. Содан кейін тұтынушы үшін күрессін. Ал олардың бәсекелестеріне бастапқыдан тиімді жағдай жасалып, олар бағаны демпинг арқылы төмендете алатын болса, әрине, біздің кәсіпкерлердің жағдайы әуел бастан шектеледі», – деген еді ол.

Пікірлер