Қытайдың Тибет жотасында ихтиологтар балықтың тау жайыны тұқымдасына жататын жаңа түрін анықтап, оған Glaridoglanis verruciloba деген ресми атау берді. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Басылымның жазуынша, жаңа түр Тибет үстірттік биология институты мен Тибет жаратылыстану мұражайының бас болуымен елдегі бірқатар ЖОО мен ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандарынан құралған бірлескен экспедицияның зерттеу жұмысы кезінде табылған. Ал зерттеу жұмысы Тибеттің Линьчжи қаласының Дзаю уезі аумағында жүргізілген.
Ғалымдардың мәліметінше, қазіргі күнде тау жайыны тұқымдасының verruciloba туысының үш түрі ғана ғылымға белгілі болып отыр, соның бірі – Glaridoglanis verruciloba. Бұл түрдің таралу аймағы, қазіргі мәліметтер бойынша, Гималайдың оңтүстік-шығыс қапталындағы Дзаю өзенінің алабымен ғана шектелген.
Мамандар бұл жаңалық Гималай аймағындағы биологиялық әртүрлілікті жете зерттеу және аймақтың ерекшелігіне сай келетін қорғау шараларын әзірлеу тұрғысынан аса маңызды ғылыми мәнге ие екенін айтып отыр. Сонымен қатар аталған жаңалық Гималай аймағындағы балықтардың жүйелі эволюциясын анықтауға бағытталған болашақ зерттеулерге маңызды дереккөз болмақ.