Қырғызстанның Ыстықкөл облысында құтқарушылар мен еріктілер сел ағыны алып кеткен 8-сынып оқушысын іздестіруде. Оқиға жергілікті тұрғындар «Назарбаевтың саяжайы» деп атайтын резиденция маңында болған, деп хабарлайды “Адырна”.
Instagram желісіндегі қолданушы Жәнібек Аманбековтің мәліметінше, Ыстықкөлде ауқымды іздестіру-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, күшті сел жүрген кезде жасөспірім көліктен секіріп шығып, аман қалуға тырысқан.
Қайғылы оқиға 5 маусым күні кешке Балықшы – Ананьево – Қаракөл тас жолының 92-шақырымында болған. Сел тасқыны жолды басып, Mercedes Sprinter және Ford Mondeo көліктерін зақымдаған.
Өкінішке қарай, 2008 жылы туған тағы бір жасөспірімнің мәйіті табылған. Қазіргі уақытта оқиға орнында тәулік бойы 291 адам мен 20 арнайы техника жұмыс істеуде. Жолдың екі бағыты да көлік қозғалысына ашылғанымен, жоғалған баланы іздеу және жолдарды тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Жергілікті БАҚ жариялаған кадрларда оқиға орны бұрынғы Комсомол кенті, қазіргі Булан-Сөгөттү ауылы екені көрсетілген. Елді мекен Аврора санаторийі маңында орналасқан.
«Сейчас KG» ресурсы таратқан видеодағы автордың айтуынша, бұл аумақта 2024 жылдың тамыз айында да сел жүрген. Сол кезде бүлінген қоршау кейін қалпына келтірілгенімен, биылғы селден кейін қайтадан жер астында қалып қойған.
«Мұнда бұрын қоршау болған. Оны қалпына келтірген еді, бірақ қайтадан жер астына кетіп қалған сияқты. Бұл — Назарбаевтың саяжайының қоршауы. Қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәлкім, қоршау жер астынан табылар», – дейді видео авторы.
Қырғызстанда 20 жасқа толмаған қыздарға күйеусіз немесе ата-анасыз елден шығуға тыйым салу ұсынылады
