Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, соғысты аяқтау мақсатында тікелей кездесу өткізуді ұсынды, деп хабарлайды "Адырна".
Хатында Зеленский соғыс Путиннің жеке таңдауы екенін, алайда оның пікірінше, қазір бұл соғыс ресейліктерді де қанағаттандырмай отырғанын айтты.
«Украина соғысты сіз бен біздің арамыздағы келіссөздер арқылы аяқтауды ұсынады. Мен сізге кездесуді ұсынамын», – делінген хатта.
Владимир Зеленский Мәскеуден басқа кез келген жерде – Швейцарияда, Түркияда немесе араб елдерінің бірінде кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол кездесудің нақты күнін белгілеуді ұсынды.
«Украина келіссөздер жүріп жатқан кезеңде толық атысты тоқтатуға дайын. Украина әскери тұтқындарды “бәрін бәріне” қағидаты бойынша алмастыруға дайын, бұл соғысты аяқтаудың жақсы бастамасы болар еді. Соғыс кезінде әкетілген бейбіт тұрғындар мен балаларды қайтару үшін маңызды қадамдар жасау қажет. Украиндар мен ресейліктердің келер ұрпағының болашағы қандай болатынын анықтау керек.
Егер сіз жеке өз ойыңызда бұл соғысты аяқтайтын уақыт келгенін түсінбесеңіз, Украина өз өмір сүруі үшін күресті жалғастырады. Бізді қолдайтындар болады. Бірақ сізге де өз өміріңіз үшін әлдеқайда көбірек күресуге тура келеді – Ресей үшін емес, өзіңіздің жеке өміріңіз үшін. Бұл менің немесе Украинаның тарапынан айтылған қоқан-лоқы емес. Бұл – Ресей тарихының сіз жақсы білетін шындықтары: Ресей шаршаған кезде өзгерістер болады. Біз сондай шаршауды күшейту бағытында жұмыс істей аламыз. Ал сіз өз соғысыңызды тоқтата аласыз», – делінген Владимир Зеленскийдің ашық хатында.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Кремльде бұл хатты көргендерін, алайда Владимир Путиннің әзірге оның мазмұнымен таныспағанын айтты.
Бұған дейін Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеп, соғысты аяқтауға АҚШ көмектеседі деп үміттенетінін айтқан болатын.
