Иранның ураны. Оны Қазақстанға әкелудің шарты аталды

174
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kOZYZ1VRBMkh79OEe65GyFte2qA2XKkirchMj6qG.webp

Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселені шешуге техникалық қолдау көрсетуге дайын. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біз бұл бағыттағы міндеттемелерімізді растап, ізгі ниет негізінде техникалық көмек көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Алайда мұның бәрі тиісті мәселелердің шешілуіне және барлық тараптардың келісіміне байланысты», – деді ол.

Айтуынша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты көпжақты келіссөздер барысын мұқият қадағалап отыр.

«Еліміз жауапты көпжақты ынтымақтастық қағидаттарын ұстанады және тұрақтылықты, қауіпсіздікті және диалогты нығайтуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайды», – деді СІМ өкілі.

Жетібаев сондай-ақ Қазақстан аумағында орналасқан төмен байытылған уран банкіне тоқталды. Оның айтуынша, бұл банк Халықаралық атом энергиясы агенттігіне тиесілі және ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық режимді нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Одан бөлек, ол бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламалар үшін ядролық отынның кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін қосымша тетік болып саналады.

Бұған дейін Financial Times газетіне берген сұхбатында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гросси АҚШ пен Иран ядролық бағдарлама бойынша келісімге келген жағдайда Қазақстан Иранның уран қорын қабылдауға дайын екенін айтқан болатын. Гроссидің сөзінше, ол бұл мәселені Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Астанаға сапары барысында талқылаған.

Әңгіме 60 пайызға дейін байытылған шамамен 440 келі уран туралы болып отыр. Оның болашағы АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердегі ең күрделі мәселелердің бірі саналады. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл материалды Иран аумағынан шығаруды талап етсе, Тегеран уран қорын бермейтінін ашық мәлімдеген.

Financial Times бағалауынша, ирандық уран 90 пайызға дейін байытылған жағдайда шамамен 10 ядролық қару жасауға жеткілікті материал алуға болады.

Гросси Қазақстанда МАГАТЭ қамқорлығымен құрылған төмен байытылған уран банкі жұмыс істеп тұрғанын атап өтіп, елде ядролық материалдарды қауіпсіз сақтауға қажетті инфрақұрылым бар екенін айтты.

Рафаэль Гросси Қазақстанға 25–27 мамыр аралығында сапармен келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевпен ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылаған еді. Кездесу барысында Тоқаев Қазақстанның тиісті халықаралық келісімдер болған жағдайда ғана және тек ізгі ниет негізінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды реттеуге жәрдемдесуге дайын екенін растады.

Пікірлер