Казталовта дарынды оқушылар марапатталды

251
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/XmzMQGmN4SzM3VJJ1vSWX9asMEQRgP6f45gp0bDF.jpg

Казталов ауданында соңғы үш жылда білім саласына ерекше көңіл бөлініп, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін бере бастады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асқан жобалармен қатар, аудан әкімдігінің қолдауымен қолға алынған бастамалар да дарынды жастардың талабын ұштап, білім сапасының артуына оң ықпал етуде.

Соның жарқын көріністерінің бірі — республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда топ жарған оқушыларды, олардың жетекшілерін ұлықтауға арналған салтанатты марапаттау шарасы. Аудан көлемінде дарынды оқушыларды қолдау дәстүрге айналып келеді. Білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен шәкірттер мен олардың ұстаздарына құрмет көрсету жас буынның ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа жетістіктерге жетелеудің тиімді тетігі.
Қараөзен мектеп-лицейінде дәстүрлі «Дарындылыққа дара жол» атты республикалық олимпиада, ғылыми жоба және шығармашылық байқаулар жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті.

Тағылымды шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова, мектеп директорлары, ұстаздар, оқушылар қатысты.

Білім мен ғылым бәйгесінде аудан абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастарды ұлықтауға арналған кеште республикалық деңгейде топ жарған оқушылар мен олардың жетекшілері марапатталды.

Салтанатты жиында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы білімді ұрпақ — ел болашағының кепілі екенін атап өтті. Ол республикалық олимпиадалар мен байқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген шәкірттердің жетістігі ұстаз еңбегі мен ата-ана қолдауының жемісі екенін жеткізді.

— Бүгінгі басқосудың басты себебі жас дарындарымыз. Сіздер тек шағын мектеп қана емес, ацданның мерейін асқақтаттыңыздар. Білім саласында үштік одақтың нақты көрсеткіші өздеріңізсіздер. Президент батамасымен ауданымызда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соңғы үш жылды 4 мектеп пайдалануға берілді, 2 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, материалдық техникалық база нығайтылды. Сонымен қатар оқушыларымыз облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен пәндік олимпиадаларда аудан мерейін асқақтатып келеді,  — деді аудан әкімі.

Кеш барысында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада мен ауыл мектептері оқушылары арасындағы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары марапатталды. Атап айтқанда, Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Матхат Рашидов қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадаларда ІІІ орын иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Жетекшісі —Айнагүл Қарасаева. Осы мектептің тағы бір оқушысы Асанәлі Мұрадымов математика пәнінен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық олимпиадада ІІ орын алды. Жетекшісі — Нұрбек Өтебалы.


Қараөзен мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Аяулым Тілепберген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиадада ІІ орын иеленсе, жетекшісі —Альбина Тасқалиева. Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Талапова Дана Серікқызы республикалық олимпиадада қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен І орын жеңіп алып, аудан намысын абыроймен қорғады. Жетекшісі — Ботагөз Сармалаева.

Сонымен қатар республикалық шығармашылық және зияткерлік байқауларда топ жарған оқушылар да арнайы марапатталды. Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Мақсат Хамзин «Алтын түлек» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңінде ІІІ орын алса, Қараөзен мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Аят Шоқат осы олимпиададан ІІІ орын иегері атанды. Бірік жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Айзада Жолдыбай, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гимназиясының 11 сынып оқушысы Қарақат Нұрболат, Казталов мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Жұмагелді Аяулым Жәдігерқызы да республикалық математикалық олимпиадада жүлделі орындар иеленді.
Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 8 сынып оқушысы Ақжүрек Темірханов «Табиғатты аяла» республикалық форумында ІІ орын алса, Кенжебек Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Наргиза Елеусінова республикалық «Ақберен» байқауында ІІ орынға ие болды. Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы Талғатқызы Айсәуле XXVI республикалық «Абай оқулары» байқауында ІІ орын иеленіп, өнерімен көпшілікті тәнті етті.
Ғиният Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 8 сынып оқушысы Думанқызы Әмина республикалық «Әбіш оқуларында» ІІ орын иеленсе, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрдаулет Ғазизжан «Ақберен» байқауынан ІІІ орын және республикалық «Әбіш оқуларынан» І орын жеңіп алды.

Сондай-ақ республикалық ғылыми жобалар конкурсында үздік танылған жас зерттеушілер де марапат төрінен көрінді. Сүлеймен Есетов атындағы мектеп-бөбекжай кешенінің 5 сынып оқушысы Айлана Нұрланқызы, Казталов мектеп-лицейінің оқушылары Мұхамедәли Мақсатұлы, Еңлік Аманжолқызы, Миралі Мирланұлы, Шынтемір Мұхтарұлы және Бостандық жалпы орта білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Саят Жайықұлы республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Жиында жүлдегер оқушыларға ноутбук, ақшалай сертификаттар табысталып, жетекші ұстаздарға қаржылай сыйақы берілді. Сонымен қатар, Қараөзен мектеп-лицейінің алғашқы директорларының бірі болған ұлағатты ұстаз Мүтиғолла Темирхановтың ұрпақтары лицей оқушылары Аяулым Тілепберген мен Марғұлан Утегеновке арнайы шәкіртақы табыстады.

Салтанатты шарада сөз алған «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова оқушыларды жетістіктерімен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, партиялық және басқарма басшысының алғыс хаттарын табыс етті.
Айта кетейік республикалық пәндік олимпиаданың І орын иегерінің жетекшісіне 1 млн теңге, ІІ орынға 700 мың теңге, 3 орынға 500 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берілді. Ал республикалық шығармашылық және зияткерлік байқаулар мен ғылыми жобалар конкурсында үздік танылған оқушылар мен жетекшілері де қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар ауылда мал ұстайтын ұстаздарға 1 тіркеме шөп берілмек. Оқушылардың талабын шыңдап, қаржылай қолдау көрсеткен аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары, ауданымыздың кәсіпкерлері және Орал қаласындағы жерлесіміз «Батыс Бизнес» ЖШС директоры Аян Серікұлы Молдағалиев екенін атап өткен жөн.

Азамат САФИМАЛИЕВ, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
— Жалпы сіздің ауданда балалардың қандай жетістікке жетіп жатырғанын, біздің балаларымыздың оқу кезеңінде тек қана аудандық, облыстық ғана емес, республикалық деңгейде үлкен жетістікке жетіп жатырғанынан хабардармыз. Ең біріншіден бұл ата-ананың тәрбиесі, одан кейін ұстаздардың тынымсыз  еңбегі. Осы ұстаздардың арқасында бүгін біз жарқыраған болашағымыз, бүлдіршін балаларымызды марапаттап, үлкен шарада кездесіп жатырмыз. Қазіргі уақытта елімізде Президент тапсырмасымен, Үкіметтің бақылауымен үлкен істер атқарылып жатыр. Бұның барлығы балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетте жүзеге асып жатыр.
 
Ақжарқын ТЕМІРХАНОВА, БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

—Мен үшін бұл толғандыратын сәт. Осы мектепте бірінші сыныптан бастап, білім алып, тәрбие алып, үлкен өмірге аттандық. Белгілі бір дәрежеде алтын ұя мектебіме қайта оралып, маңызды шараның куәсі болып отырғаныма қуаныштымын. Залда отырған оқушыларымыз сүттің бетіндегі қаймақтары, яғни, ауданның білім саласында жетістікке жетіп жүрген оқушыларымыз екен. Жетістіктеріңіз құтты болсын! Бұл жетістіктер алдағы уақытта да сіздердің өміріңізде табысты болуыңызға септігін тигізеді. Казталов ауданы білім беру саласы бойынша өңірде алдыңғы қатарлы орында. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлының білімді балаларды қолдау бағытындағы бастамасы өте орынды. Өзге аудандарға үлгі боларлық.


 
Әсемжан ТАСҚАЛИЕВА, Қараөзен мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі, педагог-модератор:

— Бүгінгі табанды еңбек, маңдай тер, үміт пен сенім, жеңіс пен қошеметтің мерекесі құтты болсын! Білім әлеміндегі әрбір жыл, әрбір жаңа белес. Биыл да шәкірттеріміз республикалық додаларда жүлделі орын алып, біздің берген біліміміздің бәсекеге қабілетті екенін тағы бір дәлелдеді.Осыдан үш жыл бұрын шәкіртім Зейноллақызы Ақжан республикалық олимпиадада бірінші орын алып, ауданымызда алғашылардың бірі болып 500 мың теңгелік сертификатпен марапатталған болатынмын. Бүгін Аяулым шәкіртімнің жеңісімен, тағы да осындай кеште жүздесу жазылған екен. Барша көрсеткен құрмет, қошеметтеріңіз үшін алғысымыз шексіз. Бұның барлығы ұстаз бен шәкіртке артылған сенім, жасаған еңбектері үшін жасалған қошемет пен қолдап деп түсінемін. Білім әлемінде әр мектептің, әр өлкенің тарихына өздерінің есімдерін алтын әріппен жазып жатырған құрметті білім әлемінің жанашырлары: «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл», - деп ұрандатқан Шәкәрім бабамыздың сөзімен өз сөзімді қорытындылағым келеді.
Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,
Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт - осыны ұқ мәңгі өлмейсің.
 
Гүлайым ӨТЕГЕНОВА, Казталов мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші:

— Ерекше кездесудің бірі және жүрегімді тербеткен, мамандығыма деген махаббатты одан сайын арттырған сәт деп білемін. Осы сәтті қолдана отырып, осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған аудандық білім беру бөліміне, қолдаған аудан әкімдігіне, облыстық білім басқармасына, «AMANAT» партиясы БҚОФ-на ұстаздарға көрсеткен құрметтеріңіз үшін шынайы арғысымды білдіремін! Сіздердің құрметтеріңіз осы жерде отырған ұстаздарға ғана көрсетілген баға емес, жалпы шәкірттерге білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздарға деген баға деп білемін және оқушылардың одан әрі қанаттануына серпіліс болды деп түсінемін. Ұстаз үшін ең биік жетістік, ол оқушысының биік белесті бағындыруы. Осы орайда менің кішкентай ғана оқушым Мұхамедәли республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауынан жүлделі ІІІ орын алып, менің ұстаздық бақытымды еселеген болатын. Тағы бір мәрте оқушымды құттықтағым келеді. Бұл оқушылардың жеңімпаз атануы, тек оқушының талпынысы ғана емес, жапы ата-аналардың жан-жақты қолдауы, ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да осы шәкірттердің талпынысын шыңдап, дарындылығын дара етуге барша ұстаздық ебегімді аямаймын деп сенім білдіремін. Ең бастысы еліміз тыныш, балаларымыздың болашағы жарқын болсын!
 
Альбина ТАСҚАЛИЕВА, Қараөзен мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші:

— Ұстаз еңбегі – болашаққа салынған инвестиция деп ойлаймын. Мен үшін биылғы жыл ерекше болды. «Қаладан-ауылға» бағдарламасы бойынша отбасыммен Қараөзен ауылына көшіп келдім. Ауыл тұрғындары, мектеп ұжымы бізді жылы қарсы алды. Осының арқасында біз жұмысымызды сеніммен атқарып, оқушыларымызды жеңіске жетеледік. Оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындар алды. Осындай ауылдың дамуына кішкене болса да өз үлесімізді қосқанымыз біз үшін үлкен мақтаныш. Осы бағдарламаға атсалысып, дамуына қолдау білдірген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлына, Казталов ауданының әкімі Асланбек Ахметоллаұлына, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызына, Қараөзен ауылдық округінің әкімі Нұрхат Сатыбалдыұлына, Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Уәлихан Ерғалиұлына алғысымды айтамын. Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін!
 
Дана ТАЛАПОВА, Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 2026 жылғы түлегі:
 
— Бүгін мен үшін ерекше әрі қуанышты күн болды. Аудан басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл тағылымды шараға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, «AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы және аудан әкімі қатысып, дарынды жастарға құрмет көрсетуі бізге үлкен серпін сыйлады. Мұндай қолдау білімге ұмтылған жас ұрпаққа көрсетілген зор сенім деп білемін. Бұл менің еңбегіме берілген жоғары баға әрі үлкен жауапкершілік. Алдағы уақытта да ауданымыздың абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді саламын.

Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ

Пікірлер