Қазақстан еуропалық елдер үшін энергетикалық ынтымақтастық саласында Ресейге балама бола алады. Бұл туралы Финляндия президенті Александр Стубб «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Еуропа біртіндеп Ресейдің сұйытылған газы бен мұнайынан бас тартып жатыр. 80 пайыздан астам қысқару балама энергия көздеріне сұранысты арттырады. Осы тұрғыда Қазақстан маңызды рөл атқарады», — деді Стубб.
Ол сондай-ақ Еуропалық одақтың Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі екенін еске салды.
Финляндия президенті Астанадағы келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Қытайға қатысты пікірін жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Финляндия мен Қазақстан сияқты шағын және орта державалардың өз құндылықтары мен мүдделері бар, бірақ олардың ықпал ету мүмкіндіктері шектеулі. Дегенмен біз делдалдық рөл атқарып, пікір алмасуға, хабар жеткізуге үлес қоса аламыз. Мысалы, президент Тоқаев алдағы аптада Ақ үйге, одан кейін Кремльге барады. Бұл – әрі президент Трамптан, әрі президент Путиннен өзекті ақпарат алып, оны басқа тараптарға жеткізуге жақсы мүмкіндік. Мен Финляндия да, Қазақстан да халықаралық қатынастарда маңызды рөлге ие деп есептеймін», — деді Александр Стубб.
Айта кетейік, Финляндия президенті Александр Стубб 28–29 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанаға ресми сапармен келген еді. Кездесу барысында бейбіт мақсатта ядролық энергияны пайдалану және өзге де салаларда ынтымақтастық жөнінде 15 құжатқа қол қойылды.
"Қазіргі қадамдар ешкімге қажет емес деп ойлаймын". Путиннің көмекшісі екіжақты келісімге қатысты пікір білдірді