«Қазақ тілінің құпиясы – грамматикада». Глеб Пономарев тәжірибесімен бөлісті

93
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9v1PKO6dTX9BN76ckj0qDqpceoumnDx3990rgrAx.png

Қазақ тілін үйренудің қыр-сыры қандай? Ұзақ жылдар бойғы талпыныс нәтижесі батыл қадамға жетелейді. Жастай бастап, орта жолда тоқтап, түбінде тіл үйренуді жалғастырған маман өз тәжірибесімен бөліседі.

Қазақ тілін үйренудің тиімді жолдарын қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндіріп жүрген публицист, PR маманы және блогер Глеб Пономарев “Адырна” ұлттық порталына  қазақ тілін меңгерудегі өз жолы, жаңа кітабы және алдағы жоспары туралы әңгімелеп берді.

«ТІЛГЕ ДЕГЕН МАХАББАТ АТАМНАН ДАРЫДЫ»

Глеб мырза, ең алдымен өзіңіздің қазақ тілін үйренудегі жолыңызбен бөліссеңіз. Тілді меңгеруді қалай бастадыңыз?

– Бұл мен үшін өте ұзақ әрі күрделі жол болды. Қазақ тілін 1991 жылы, балабақшадан бастап үйрене бастадым. Кейін мектепте жалғастырдым. Алайда 90-жылдары бізге тілдің өзін емес, көбіне филологиясын оқытты. Септіктердің атауын жаттадың ба – «бестік», жалғаулардың тізімін жаттадың ба – тағы «бестік». Бірақ тілдің ішкі логикасы ашылмай қалатын, неге олай екені түсіндірілмейтін.

Мен мұғалімдерге үнемі сұрақ қоятынмын. Мысалы, неге «көк» сөзі бірде «синий», бірде «зеленый» деп аударылады? Неліктен осы шақта «жатыр», «отыр», «тұр», «жүр» сияқты көмекші етістіктер қолданылады? Алайда көп жағдайда «Өйткені ереже сондай. Жай ғана жаттап ал» деген жауап алатынмын.

Қазақ тіліне деген сүйіспеншілік маған мектептен емес, атам Борис Николаевичтен дарыды. Ол тілді өздігінен үйренген. Сөйлем құрауда қиналатын, бірақ сөздік қоры өте бай еді. Мен оған қонаққа барған сайын бірге отырып оқитынбыз. Атам маған үнемі «Кез келген пәннен екі алуыңа болады, тек қазақ тілінен емес!» деп айтып отыратын.

Жалпы, тіл үйрену мен үшін әрқашан қызықты болды. Мектеп бітіргенде ағылшын және серб-хорват тілдерінде (оны өзім үйрендім) еркін сөйлейтінмін. Ал қазақ тілінде жүздеген кездейсоқ сөздерді ғана білетінмін. Бірақ оларды сөйлемге қалай дұрыс құрастыру керегін түсінбедім.

ҰЯТ СЕЗІМІНЕН БАСТАЛҒАН ҮЛКЕН ШЕШІМ

– Қазір қазақ тілін қандай деңгейде білемін деп айта аласыз?

– Сол кезде бірнеше шет тілін меңгере тұра, өзім туып-өскен елдің тілін білмейтінім үшін қатты ұялдым. Қазақ тілін өз бетімше үйрене бастадым. Алайда қалай дұрыс оқу керегін білмегендіктен, тағы да сөздер мен тіркестерді жаттауға көштім. Бірнеше жүз сөз үйренсем де, көшедегі адамдарды түсінбедім, мәтінді де ұға алмадым. Ақырында «менде қабілет жоқ, ешқашан үйрене алмаймын» деген қорытындыға келдім.

Сөйтіп, тіл үйренуді он жылға тоқтаттым. Кейде қайта бастап көрдім, бірақ нәтиже болмаған соң тағы тастап кететінмін.

30 жасқа келгенде бұл жолы нақты шешім қабылдадым: қазақ тілін міндетті түрде меңгеремін дедім. Тегін курстарға жазылдым. Бірақ ол жерде де әліпби мен жекелеген сөздерді ғана оқытып жатты.

Содан кейін бірнеше өздігінен оқыту кітабын сатып алып, іздене бастадым. Кейін қазақ тілі мұғалімі Владислав Теннің бір кеңесі менің бағытымды өзгертті: «Ми тілмен толығуы үшін оған толықтай ену керек». Осы сөзден кейін әлеуметтік желілерді қазақша оқи бастадым, жаңалықтарды қазақ тілінде тыңдадым. Алғашында бар болғаны 10 пайызын ғана түсінетінмін.

Бірақ дәл сол кезде бір маңызды дүниені ұқтым: қазақ тілінің құпиясы – оның грамматикасында. Нақтырақ айтқанда, жалғаулар мен жұрнақтар жүйесінде. Мың сөз жаттап алуға болады. Бірақ сөзжасам заңдылықтарын білмесең, сөйлемнің мағынасын түсіну де, сөйлеу де мүмкін емес. Сол сәттен бастап грамматиканы терең әрі жүйелі түрде оқи бастадым.

Сонымен қатар, адамдармен сөйлесуге көштім. Қалада, таксиде, дүкенде – қай жерде мүмкіндік болса, қазақша сөйледім. Әрине, басында көп қате жібердім. Тілдік кедергіден өттім. Бірақ бір нәрсені түсіндім: егер қателесуден қорықсаң, ешқашан сөйлеп кете алмайсың. Қателік – жеңіске апаратын жолдың бір бөлігі.

Қазір де қазақ тілін жетілдіруді жалғастырып келемін. Грамматика туралы сағаттап айта аламын, күрделі ережелерді қарапайым тілмен түсіндіріп бере аламын. Дегенмен әлсіз тұсым бар. Бұл – сөйлеу дағдысы. Сөйлеймін, бірақ өзім қалағандай сенімді деңгейде емес. Қазір осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмын. Мақсатым – қазақ тіліндегі подкасттарға еркін қатыса алатын деңгейге жету.

КІТАП ЖАЗУ — ТЕРАПИЯ

– Жақында сіздің «Казахский язык с Гілеке 2» деген нұсқаулық кітабыңыз шықты. Бұл кітаптың біріншісі де бар. Екіншісін шығарғаныңызға қарағанда, кітаптарға сұраныс көп болды ма? 

– Алғашқы кітабымды бір жыл бұрын жарыққа шығардым. Оны өзімнің Telegram-арнамда тегін жарияладым. Бір жылдың ішінде кітапты 85 мың адам көрді. Бұдан бөлек, оның WhatsApp чаттарында тарап, басып шығарылып, қолдан қолға өткенін де білемін. Тіпті бір тіл курсында мұғалім кітапты басып шығарып, студенттерге оқу құралы ретінде пайдаланғанын естідім.

Осы уақыт аралығында мыңдаған алғыс хат алдым. Көптеген оқырман кітапты оқығаннан кейін қазақ тіліндегі септіктер мен басқа да грамматикалық құрылымдардың қалай жұмыс істейтінін алғаш рет шын мәнінде түсінгенін жазды. Мен үшін ең үлкен марапат – дәл осы. Адамның санасында «түсіндім!» деген сәттің тууына себепкер болу – шынайы бақыт.

Сол қолдаудан кейін кітаптың жалғасын жазып, жаңа тақырыптарды қамтуды жөн көрдім.

Жарты жыл бұрын маған «депрессия» диагнозы қойылды. Сол кезеңде өмірімде жасаған еңбектерімнің бәрін құнсыз көре бастадым. Осындай сәтте кітаппен жұмыс істеу мен үшін терапияға айналды. Бұл өзіммен-өзім қалып, көрпеге оранып алып, тыныш отырып жазатын ерекше уақыт еді. Кітапты жаза отырып, адамдарға және осы әлемге әлі де пайдам тиетінін сезіндім. Бұл сезім мені қайта тірілткендей болды.

Екінші кітаптың біріншісінен қандай айырмашылығы бар? Кітаптар қазақ тілін толықтай үйрете ала ма?

– Жаңа кітабым көлемі жағынан алғашқы еңбегімнен екі есе ауқымды. Онда пайдалы тақырыптар мен практикалық лайфхактар әлдеқайда көбірек қамтылған. Бірінші кітапты оқыған оқырмандар етістіктер мен шақ жүйесі туралы кеңірек түсіндіріп беруімді жиі өтінген еді. Сондықтан бұл жолы осы тақырыптарға арнайы тоқталып, оларды барынша қарапайым әрі түсінікті тілмен тарқатуға тырыстым.

Сонымен қатар кітапты тек ересектерге емес, балаларға да қызықты ету үшін иллюстрациялар санын арттырдым. Оқу үдерісі жеңіл әрі тартымды болуы мен үшін маңызды.

«БҰЛ – МЕНІҢ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМЫМ»

– Қазақ тілін үйрететін кітап шығаруға не түрткі болды? 

– Мен қазақ тілін төрт жасымнан бастап үйрендім. Алайда оның ішкі логикасын, құрылымын шын мәнінде тек отыз жастан асқан соң ғана түсіне бастадым. Бұл – өте ұзақ әрі күрделі жол болды. Неге десеңіз, мен ұзақ уақыт бойы қалай дұрыс оқу керегін білмедім. Мәселенің түп-төркінін ұғынғанша талай жыл өтті.

Сондықтан өз тәжірибеммен бөлісу арқылы өзгелердің бірнеше жылын үнемдей аламын деп сенемін. Егер мен жіберген қателіктерді қайталамай, тілдің механизмін бірден түсінсе, олардың жолы әлдеқайда қысқа әрі нәтижелі болар еді.

Мен үшін бұл – жай ғана жоба емес. Бұл – менің азаматтық ұстанымым, қазақ тілінің дамуына қосқан шынайы үлесім деп білемін.

Осы кітаптарды шығаруға қанша қаржы кетті? Бір жазбаңызда кітаптарды шығарудағы қаржы мәселесін жазып кеттіңіз.

– Алғашқы кітабымды жазу барысында бастапқыда оны тек мәтін түрінде ғана жариялауды жоспарлаған едім. Алайда кейін мұндай формат оқырман үшін бірсарынды әрі қызықсыз болуы мүмкін екенін түсіндім. Әсіресе, балаларға да, ересектерге де тартымды болуы үшін кітаптың безендірілуі ашық, көрнекі әрі мазмұнды болуы қажет деп шештім.

Сол себепті мен өз жобаларымда жасанды интеллектіні пайдаланбау қағидасын ұстандым. Бұл арқылы еліміздегі кәсіби мамандарға – суретшілер мен дизайнерлерге жұмыс бергім келді. Осы ұстанымға сәйкес, бірінші кітаптың мұқабасын талантты қазақ суретшісі Аружанға, ал кітаптың макеті мен беттеуін жергілікті дизайнерге тапсырдым.

Алайда екінші кітапты дайындау барысында бюджет шектеулі болды, сондықтан үнемдеуге тура келді. Қолда бар қаражатты негізінен беттеу мен дизайн жұмыстарына жұмсадым. Ал иллюстрациялар бөлігін жасанды интеллект көмегімен жасауға мәжбүр болдым. Нәтижесі әдемі шыққанымен, перфекционист ретінде бұл шешім мен үшін оңай болған жоқ. Іштей қазақ суретшілерін көбірек қолдай алмағаныма қынжыламын.

Екі кітаптың жалпы шығыны шамамен 350 000 теңгені құрады. Бұл процесте маған донат арқылы қолдау көрсеткен оқырмандарға ерекше алғыс білдіремін. Сол қолдаудың арқасында барлық шығындарды жабуға мүмкіндік туды.

Егер мемлекет пен бизнес сіздің жобаңызды қолдаса, ең алдымен қандай нақты қадам жасар едіңіз?

– Бұл әзірге орындалуы қиын арман сияқты көрінеді. Дегенмен, кітабымның кітап дүкендерінің сөрелерінен орын алғанын көрсем, ерекше қуанышты болар едім. Адамдар оны қолына алып, парақтап оқып, тіпті балаларына көрсетіп жатқанын елестетемін. Қазіргі таңда кітап тек цифрлық форматта ғана қолжетімді, ал бұл форматтың бәріне бірдей ыңғайлы емес екені анық.

Кітапты баспа түрінде шығару – үлкен әрі жауапты жұмыс екенін жақсы түсінемін. Ол үшін мәтінді қайтадан қағаз форматына бейімдеп, беттеу жұмыстарын толықтай қайта қарастыру қажет. Сонымен қатар, қағаз нұсқадағы иллюстрациялардың барлығы Қазақстаннан шыққан кәсіби суретшілердің қолынан шықса деймін. Өйткені кітаптың өзіндік рухы мен «жаны» болуы мен үшін өте маңызды.

Өкінішке қарай, бүгінге дейін мемлекет тарапынан да, бизнес өкілдері тарапынан да менің бірінші де, екінші де кітабыма нақты қызығушылық немесе қолдау болған жоқ.

ОНЛАЙН КУРС ЖӘНЕ БАСТЫ КЕҢЕС

Қазақ тілін үйренемін деушілерге бір емес, екі кітап дайындадыңыз. Одан бөлек тілді меңгергісі келетіндер сізден жеке сабақ ала ма, әлде курс өткізесіз бе?

– Менің екі кітабым бар, оларды кез келген адам еркін түрде жүктеп ала алады. Сонымен қатар, Instagram парақшамда қазақ тіліне қатысты ондаған пайдалы видеолар жарияланған. Ол материалдарда мен тіл үйренуге көмектесетін түрлі лайфхактармен және тәжірибелік тәсілдермен бөлісемін.

Маусым айында қазақ тілі бойынша онлайн курсымды іске қосуды жоспарлап отырмын. Бұл курста теориялық сабақтармен қатар, практикалық тапсырмалар да қамтылады. Өйткені дәл осы тәжірибе арқылы мида нейрондық байланыстар қалыптасып, тілді меңгеру процесі әлдеқайда жылдам әрі тиімді жүреді деп есептеймін.

Бұл курсқа бір жылға жуық уақыт бойы дайындалып келемін, қазіргі таңда ол толық аяқталу сатысына жақын.

Қазақ тілін үйренуді бүгін бастаған адам ең алдымен нені түсінуі керек? Сіздіңше, қазақ тілін үйренудің ең тиімді әрі жылдам жолы қандай?

– «Қазақ тілін үйренгің келсе, ауылға үш айға барсаң, сол жерде-ақ сөйлеп кетесің» деген пікірді жиі естимін. Өкінішке қарай, бұл – кең таралған миф. Мұндай тәсіл көбіне тек балаларға ғана тиімді. Себебі тілдік ортадағы бала кез келгенін табиғи түрде, тез меңгеріп кете алады.

Ал ересек адамның миы мүлде басқа тәсілмен жұмыс істейді. Оған тек ортаға ену жеткіліксіз – грамматиканы, сөздік қорды, ережелерді және жүздеген жалғау мен жұрнақ жүйесін саналы түрде меңгеру қажет. Тілді үйрену – ми үшін үлкен интеллектуалдық еңбек. Сондықтан көптеген адам бұл процесті жылдарға созып алады: кейінге қалдырады, қайта бастайды, қайта тоқтайды. Бұл – шын мәнінде күрделі процесс.

Дегенмен, грамматиканың негізгі құрылымын түсініп, белгілі бір базалық сөздік қор қалыптасқаннан кейін ғана тілдік ортаға бару өте тиімді болады. Сол кезде практика адамның бұрынғы білімін бекітіп, прогресті айтарлықтай жылдамдатады.

Осыған байланысты менің негізгі кеңесім мынадай: ең алдымен қазақ тілінің грамматикалық жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсіну қажет. Қазақ тілі мен орыс тілінің құрылымы айтарлықтай ерекшеленеді, сондықтан бұл айырмашылықтарды дұрыс ұғыну маңызды.

Қазақ тілі белгілі бір заңдылықтарға негізделген жүйе. Оның құрылымы салыстырмалы түрде қатаң әрі тұрақты, ал ережеден тыс ерекшеліктер өте аз. Сондықтан оны «сағат механизмі сияқты нақты жұмыс істейтін тіл» деп қарастыруға болады. Дәл осы жүйелілік – оны үйренуді жеңілдететін факторлардың бірі.

«ЕҢ БАСТЫСЫ – АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ»

– Қазір қазақша үйренгісі келетіндер көп пе?

– Тілді үйренгісі келетін адамдар өте көп. Бірақ сол ниетті нақты әрекетке айналдыратындар әлдеқайда аз.

Неге десеңіз, бұл жол шынымен де еңбекті талап етеді. Сөздерді, жалғауларды жаттау, үй тапсырмаларын орындау қажет. Мұның бәрі оңай емес. Сонымен қатар, сөйлеп көру, қателесу, қателікті қабылдау керек, ал бұл көп адамға психологиялық тұрғыдан қиын.

Мен бұл жағдайды жақсы түсінемін, өйткені өзім де ұзақ уақыт бойы дәл осындай кезеңнен өттім. Сондықтан ең маңызды нәрсе – бастау екенін нақты айта аламын.

Егер адамда қызығушылық пайда болса, ол біртіндеп оны өзіне тартып әкетеді. Бұрын түсініксіз болған тақырыптар уақыт өте келе ашыла бастайды. Ал біреудің сөзін түсініп, қарапайым тіркестермен жауап бере бастаған сәтте адамның өзіне деген сенімі артып, ерекше мақтаныш сезімі пайда болады.

Сондықтан ең бастысы – алғашқы қадамды жасау. Қалғаны біртіндеп қалыптасады.

Менің кітабымнан бастауға болады: онда бәрі қарапайым тілмен, жеңіл әзілмен және түсінікті құрылыммен берілген. Оқырманға оқу қызықты болуы үшін арнайы жазылды.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет! 

Дана Нұрмұханбет

 

Пікірлер