Ақша үшін шыққан дау. Жас жігіттің өліміне қатысты тексеріс басталды

83
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Алматы облысында жас жігіттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 11 мамыр күні марқұмды бірге бизнес ашқан серіктесі ақшаға байланысты жанжал кезінде аяусыз соққыға жыққан. Желі қолданушысының жазуынша, олар бірге кәуапхана ашқан. Күндік табысты бөлісу кезінде келіспеушілік туындаған.

«Оны соншалықты қатты ұрған, 3,5 литр қан жоғалтқан. Басынан да доғал затпен ұрған. Кейін жедел жәрдем шақырудың орнына үйіне апарып, жуындырып, киімін ауыстырғаннан кейін ғана дәрігер шақырған», – делінген жазбада.

Марқұмның туыстарының айтуынша, жігіт жедел жәрдем көлігінде жансақтау бөліміне бара жатқан жолда көз жұмған. Дәрігерлер оның көкбауыры істен шыққанын хабарлаған. Сондай-ақ жақындары оқиға орнында тағы бір адамның болуы мүмкін екенін айтады.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

«Жиналған материалдарға сәйкес, ер адамның жағдайы нашарлап, жедел жәрдем арқылы ауруханаға жеткізілген. Кейін ол көз жұмды. Полиция қызметкерлері маңайдағы мекемелердің бейнебақылау жазбаларын зерттеп, куәгерлер мен оқиға орнына келген медицина қызметкерлерінен жауап алды», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция марқұмның туыстары айтқан жайттардың барлығы тексеріліп жатқанын атап өтті. Тергеу барысы облыстық департамент басшылығының бақылауында екені хабарланды.

Пікірлер