Назарбаев әулетінен тағы бірі бой көрсетті. Сотты болған туысы әскери оқу орнына келді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fPHOwZhaze7Hkj50WPmzRsqFdyLdwh2KXa38lMEO.jpg

Қайрат Сатыбалды ұзақ уақыттан кейін алғаш рет көпшілік алдында бой көрсетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінде курсанттармен кездесіп, ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысқан. Очы сәттің бейнесі колледж парақшасында жарияланған.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы — Б.Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжінің түлегі.

Қайрат Сатыбалдыұлы — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, бұрынғы ҰҚК қызметкері және генерал-майор. Ол әр жылдары Астана әкімінің орынбасары, «Kazakh Oil» ұлттық компаниясының вице-президенті, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ бірінші вице-президенті және Nur Otan партиясының хатшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар Forbes Kazakhstan тізіміндегі ықпалды кәсіпкерлердің бірі ретінде танылған.

2022 жылы Қайрат Сатыбалдыұлы аса ірі көлемде қаржы жымқыру және сеніп тапсырылған мүлікті иемдену күдігімен ұсталған болатын. Кейін сот оны кінәлі деп танып, мүлкін тәркілеумен бірге алты жыл бас бостандығын шектеу туралы жаза тағайындады.

Дегенмен, 2024 жылы қыркүйекте Қайрат Сатыбалды бостандыққа шыққан. Сот оның шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырып, өтеуі тиіс 3 жыл 3 ай мерзімді Алматыда, пробациялық бақылауда өткізетіні хабарланған.

Сот үкіміне дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қазақстанға жымқырған 783 млрд теңгенің активтерін қайтарып, халық пен президенттен кешірім сұраған еді.

Пікірлер