Фото: БОРТ1
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тиесілі ерекше ақалтеке жылқысының бейнелері шетелдік борттық басылымдарда жарық көрді. Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
2026 жылғы мамыр айында Ресейдің «Россия» әуе компаниясының борттық журналында «Ұлы даланың аспан тұлпары» атты мақала жарияланды. Онда Қазақстан Президентіне сыйға тартылған ақалтеке тұқымды бие туралы баяндалады. Ақжан деген атауды оған Мемлекет басшысының өзі берген.
Осыған ұқсас «дала қанаттары» жайлы әсерлі мақала Қытайдың «Wings of China» борттық журналында да жарық көрді.

Фото: kazinform
Соңғы жылдары Қазақстанның символдары шетелдік басылымдардың назарын жиі аударып келеді. Мұндай мақалалардың халықаралық әуе компанияларының борттық журналдарында жариялануы қазақстандық мәдени дипломатияны насихаттауға ықпал етеді. Борттық баспасөз іскер адамдар мен туристерден тұратын кең аудиторияны қамтып, жолаушыларға ұшу барысында Қазақстанмен танысуға мүмкіндік береді.
Бүгінде танымал бола бастаған Ақжан бейнесі тек шетелде ғана емес, Қазақстанды халықаралық әуе тасымалы нарығында таныстыратын басылымдарда да сұранысқа ие. Мәселен, ол туралы мақаланы Air Astana әуе компаниясының Tengri журналынан да кездестіруге болады. Бұл журналдың таралу ерекшелігін ескерсек, қазақ тұлпарының тарихымен ең алдымен халықаралық бағыттарда ұшатын жолаушылар танысады.
Жарияланымдардың басты кейіпкері Ақжан — таза қанды ақалтеке тұқымының өкілі. Мақала авторлары ақылды әрі айбынды жылқының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйікті тұлпары екенін ерекше атап өтеді. Шетелдік журналдар Ақжанның бірегей болмысын сүйсіне сипаттайды. Ол — таза қанды ақалтекелер Ганатлы мен Табыстың төлі. Жылқының есімі қазақ тілінен аударғанда «Таза жан» деген мағынаны білдіреді.
Мақалаларда оның сирек түсіне де айрықша назар аударылған. Ақжан изабелла (крем түстес) мастьке жатады. Мұндай түс әлемдегі ақалтеке жылқыларының небәрі 3 пайызында ғана кездеседі.
“Оның жүні ерекше оптикалық әсерге ие: жіңішке талшықтары жарықты шағылыстырып, атлас секілді, тіпті тылсым жарқыл береді”, — деп жазылған жарияланымда.
Авторлар дала мәдениетінде изабелла түсті тұлпар ежелден жақсылықтың, бақ пен берекенің нышаны саналғанын да атап өтеді.
