12 күн пұрсат! Президент қаза тапқан сарбаз аналарының арызын қарауды тапсырды

794
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zZtPidmZOcecCS5JVrNISYjR3AlAQz3o3qfSoTGo.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарының арызын қарауды тапсырды, деп хабарлайды “Адырна”.

Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды", делінген хабарламада.

Бүгінгі дүйсенбі, 10 қарашада әскерде туыстары, балалалары қаза тапқан бір топ адам Астанадағы Үкімет үйіне барып өз талаптарын білдірген. Олар Қазақстанның қарулы күштерінде реформа жүргізуді, жапа шеккендерге әділ өтемақы төлеуді талап етті. Олар әскери істерді қайтадан қозғау, әділ тергеу жүргізу арнайы қоғамдық комиссия құру, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйесін жаңарту, азаматтарды әскерге 25 жасқа толғаннан кейін шақыру тәрізді талаптарын білдірген. 

Ал дүйсенбі күні түстен кейін Қорғаныс министрлігі азаматтардың шағымын жеке-жеке қабылдағанын айтып, әскердегі қауіпсіздік күшейтіліп жатқаны туралы мәлімдеме таратты.

"Өміріңді сақта", "Заң және тәртіп" және басқа да бағдарламалар іске асырылып жатыр. "Отбасымен бейнеқоңырау" сервисі арқылы сарбаздардың ата-анасымен тұрақты телефон байланысы ұйымдастырылған. Күнделікті жеке құрамның дене бітімі тексеріледі. Казармалар мен қызметтен берілген үй-жайларда бейнекамералар орнатылған. Суицидтің алдын алу және қаруға қол жеткізуді бақылау мақсатында жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр", - деп жазылған Қазақстанның қорғаныс министрлігі таратқан мәлімдемеде.

 

Пікірлер