Ұлыбританияның жиырмадан астам депутаты мен Лордтар палатасының мүшелері елдің сыртқы істер министріне Қырғызстандағы мекемелер мен жекелеген тұлғаларға қарсы шара қабылдауға шақырды. Олардың пікірінше, бұл құрылымдар Ресейге қарсы санкцияларды ауқымды түрде айналып өтуге ықпал етіп отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі The Guardian-ға сілтеме жасап.
Парламентарийлердің айтуынша, ерекше алаңдататын мәселе — рубльге байланған ресейлік A7A5 стейблкоині.
«A7A5 Ресейдің санкцияға ұшыраған жеке және заңды тұлғалары үшін санкцияларды айналып өтудің негізгі платформасы ретінде жұмысын жалғастырып, кеңейіп келеді. Есепке сәйкес, оның сақталып тұруының басты себептерінің бірі — Қырғызстандағы қаржы мекемелері мен мемлекеттік органдардың ынтымақтастығы, олар A7A5-ті алғаш тіркеген құрылымдар. Санкцияларға қарамастан, Қырғызстан A7A5 пен оған байланысты ұйымдарға қауіпсіз орта жасап отыр», — делінген хатта.
Авторлар Қырғызстанның санкцияларды айналып өтуде маңызды рөл атқарып отырғанын мәлімдеді.
«Қырғызстанға қатысты шара қолданатын уақыт келді. Ресейдің санкцияларды ашық түрде айналып өтуіне қатысы бар қырғыз шенеуніктері жауапқа тартылуы тиіс. Біз Қырғызстан ұлттық банкінің басшысы Меліс Тұрғынбаевқа, бас прокурор Мақсат Асанәлиевке және қаржы реттеу органының жетекшісі Марат Пірназаровқа қатысты жеке санкциялар енгізуді қатаң түрде талап етеміз», — делінген үндеуде.
Сонымен қатар олар егер Қырғызстан үкіметі Ұлыбритания санкцияларына қарсы әрекетін жалғастырса, онда елге қарсы ауқымды салалық санкциялар енгізу мәселесін қарастыру қажет екенін ескерткен.
