Ыстықкөл түбінен ежелгі қаланың орны табылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7kukwvbWU70ssMAC8oSWAGuqGPRJ0vTGxwr3FpBA.jpg

Қырғызстандағы Ыстықкөл көлінің түбінен көне қалаға ұқсас нысандар анықталған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Econews-қа сілтеп.

БАҚ дерегінше, сүңгуірлер мен археологтар суасты экспедициясы барысында Тору-Айғыр маңындағы аумақты зерттеп, ортағасырлық қоныстың болғанын растаған. Ғалымдар су астынан кірпіштен қаланған ғимараттардың қалдықтарын, пеш іздерін және тұрмыстық нысандарды тіркеген.

Зерттеу кезінде керамика сынықтары, жануар сүйектері және металл өңдеуге қатысты жабдық қалдықтары да табылған. Бұл олжалар аталған аумақта кезінде тұрақты өмір болғанын көрсетеді.

Сонымен қатар археологтар құм астынан адам әрекетінің іздері сақталған мәдени қабатты анықтады. Мамандардың айтуынша, бұл тұрғындардың ұзақ уақыт бойы құрылыс жүргізіп, қонысты қайта жаңғыртып отырғанының дәлелі.

Қала қирандылары маңынан шамамен 5 метр тереңдікте XIII–XIV ғасырларға жататын мұсылман қорымы да зерттелген. Жерлеу орындары ислам дәстүріне сай Мекке бағытына қаратылып орналастырылған.

Алдын ала болжам бойынша, көне қоныс XV ғасырдағы күшті жер сілкінісінің салдарынан су астында қалған. Археологтар зерттеу жұмыстарын жалғастырып, табылған нысандардың тарихи маңызын нақтылауды жоспарлап отыр.

Пікірлер