Қазақстанға жол. Ресей 4 жылдан бері 4 хайуанын бере алмай келеді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7pMztbmFt9WilBuQ1eOeFAWd806lrEaitvedu6t6.png
Фото: Canva
Ресей Қазақстанға төрт амур жолбарысын береді. Бұл жоба елдегі жойылып кеткен жыртқыштардың популяциясын қайта қалпына келтіруге бағытталған. Қазіргі таңда Қиыр Шығыста мамандар амур жолбарысы түріне жататын, Қызыл кітапқа енгізілген дараларды іріктеп жатыр, деп хабарлайды "Адырна".

"РИА Новости" агенттігінің хабарлауынша, бұл жоба туралы «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев айтып берді. Қазақстан мен Ресей 2022 жылы Шығыс экономикалық форумында жолбарыстарды қайта жерсіндіру туралы келісімге қол қойған.

2025 жылдың қарашасында екі елдің экология министрлері Александр Козлов пен Ерлан Нысанбаев  жолбарыстарды Қазақстанға жеткізу және бейімдеу бойынша бірлескен жоспарға қол қойды. Құжатқа Владимир Путин мен Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, рәсімделген.

"Жолбарыстарды таңдау кезінде бірнеше маңызды талап ескеріледі: олар әртүрлі жынысты болуы тиіс, денсаулығы мықты, жарақатсыз және жабайы табиғатта өз бетінше тұяқты жануарларды аулай алуы керек. Сондай-ақ адамға деген көзқарасы да қалыпты болуы қажет. Іріктеу аяқталған соң, жануарлар Қазақстанға жеткізіліп, алдымен арнайы оңалту орталығына орналастырылады", - дейді Сергей Арамилев

Бұл орталықта олардың жергілікті жануарларға қалай аң аулайтыны және адамға реакциясы тексеріледі. Егер барлық көрсеткіштер талапқа сай болса, жолбарыстар табиғи ортаға жіберіледі.

"Айта кету керек, бұл мақсатта жолбарыстар арнайы ауланбайды. Негізінен, үміткерлер қатарында анасыз қалған жетім күшіктер немесе адамдармен қақтығыстың алдын алу үшін ұсталған жас жолбарыстар болады. Қазіргі таңда осындай үміткерлер іріктеліп жатыр және төртеуін бірден жіберу жоспарланған", - дейді Сергей Арамилев

Сонымен қатар, қазақстандық мамандар Қиыр Шығысқа барып, ресейлік әріптестердің тәжірибесін үйренген. Жолбарыстар Қазақстанға жеткізілгеннен кейін де ресейлік мамандар оқыту семинарларын өткізіп, жануарларды табиғатқа жіберу және оларды бақылау жұмыстарына қатысады.

Жоба екі елдің бірлескен еңбегі ретінде жүзеге асады, сондықтан мамандар жолбарыстардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетініне сенімді.

Пікірлер