Депутат назарындағы Алатау туралы айтылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SsEQcWQO4L56SI0mLZQ8IO8nFNmXEncYXHvxCUWu.jpg

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы Конституциялық заң жобасы қаралды. Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов бұл бастаманың қаланы инвестиция мен инновацияға негізделген заманауи орталыққа айналдыруға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Депутаттың айтуынша, заң жобасы Алатауды елдің жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналдыруға бағытталған. Бұл бастама 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда бекітілген «қарқынды дамитын қала» арнайы құқықтық режимімен тығыз байланысты.

Нұртай Сабильянов өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлар үшін қолайлы орта қалыптастыру – басым бағыттардың бірі екенін атап өткенін жеткізді. Арнаулы құқықтық режим осы мақсатқа жетудің тиімді құралы ретінде қарастырылып отыр.

Заң жобасына сәйкес, Алатау «ақылды қала» қағидатымен дамиды. Яғни цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, жоғары технологиялық өндіріс және ғылыми-инновациялық орталықтар қала дамуының негізгі бағытына айналады.

Құжатта басқарудың жаңа моделі ұсынылған. Алатау қаласының Кеңесі стратегиялық шешімдер қабылдайтын жоғары орган болады. Оның құрамын Президент бекітеді, ал жұмысын Премьер-Министр үйлестіреді. Ал негізгі атқарушы орган ретінде Әкімшілік инвестициялық жобаларды іске асыру, кәсіпкерлікті дамыту және инфрақұрылымды жетілдірумен айналысады.

Сонымен қатар, заң жобасында инвестициялық және кәсіпкерлік қызмет, қала құрылысы, цифрлық әкімшілендіру салаларында дербес шешімдер қабылдау мүмкіндігі қарастырылған. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізіліп, бизнес жүргізу рәсімдері жеңілдетіледі.

Алатау қаласының қаржылық моделі де ерекшеленеді. Қаланың жиынтық бюджеті жергілікті бюджет пен әкімшілік бюджеттен құралады. Бұл жүйе қаржы ағындарын тиімді басқаруға және экономикалық жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инвестициялық жобалар үшін салықтық преференциялар беру қарастырылған.

Депутаттың мәліметінше, заң жобасын талқылау барысында 500-ден астам ұсыныс түскен. Олар басқару жүйесін нақтылау, цифрлық қызметтерді дамыту және жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.

Құжатта сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелері де ескерілген. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету үшін міндетті аудит пен тұрақты есептілік енгізу ұсынылып отыр.

Пікірлер