Қазақстан Ирандағы қайғылы оқиғаға көңіл айтты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/DAiiYjda6YukwC5FOjB9G1tjm6AB01JoUowrVuAD.webp

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Иранның Астанадағы елшілігіне барып, Иран халқына және қаза тапқандардың туыстарына Қазақстан атынан көңіл айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сенат төрағасы Иранның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Әли Акбар Джоукармен кездесіп, Қазақстан тарапы болған оқиғаға байланысты терең алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.

Қайғылы жағдай салдарынан Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Сейед Әли Хаменеи, ел басшылығының бірқатар өкілдері және бейбіт тұрғындар, оның ішінде балалар қаза тапқаны хабарланды. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті халықаралық дауларды тек саяси және дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық құқық нормаларын және Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысын қатаң сақтау қажет деген ұстанымды қолдайтыны айтылды.

Сенат төрағасы Иранның Қазақстан үшін жақын көрші әрі сенімді серіктес екенін айтып, еліміздің аймақтағы жанжалды бейбіт жолмен реттеуге өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.

Еске сала кетейік, 28 ақпанда Израиль Иран аумағына ауқымды әскери шабуыл жасаған. Кейін Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операцияның басталғанын мәлімдеді. Жауап ретінде Тегеран Таяу Шығыстағы және Израиль аумағындағы америкалық әскери базаларға соққы жасаған.

Пікірлер