Ақмола облысында «ақылды АӨК» моделі енгізілуде

119
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/images/default-cover.jpg

Үкімет отырысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің негізгі саласы – ауыл шаруашылығын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Өңірде аграрлық өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «ақылды АӨК» моделі енгізілуде. Біз аграршыларды мемлекеттік қолдау жүйесі арқылы ынталандыруды жоспарлап отырмыз, оны «бір батырма арқылы» алу қағидатына көшіреміз. Бұл ретте жасанды интеллект жерлердің нысаналы пайдаланылуын бағалайды, соның нәтижесінде адал шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетілуі кепілдендіріледі», – деп атап өтті өңір басшысы.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысында жасанды интеллектіні практикалық қолдану бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Атап айтқанда, алдыңғы қатарлы «Диқан плюс» шаруашылығында ЖИ өндірістік циклдерді талдап, өнім жоғалту себептерін анықтап, технологиялық жетілдірулер ұсынды. Бұл шешімдерді қолдану аталған шаруашылықтың өнімділігін гектарына 2 центнерге арттырып, табыстылығын 250 млн теңгеге ұлғайтады деп күтілуде.

Тәсілдерді ауқымдандыру мақсатында 6 мыңнан астам шаруашылыққа аудит жүргізілді. Цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу үшін эталон болатын пилоттық шаруашылықтар айқындалды. ЖИ-шешімдерді әзірлеу және аграршыларды заманауи технологияларға оқыту үшін Aqmola hub базасында зертхана құрылады.

Пікірлер