Пәкістанның Карачи қаласында жергілікті тұрғындар АҚШ консулдығының ғимаратын басып алып, өртеп жібермек болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Fars агенттігіне сілтеме жасап.
Осылайша олар АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылдағанына наразылық білдірмекші болған. Оқиға салдарынан кемінде 10 адамның қаза тапқаны айтылды.
Куәгерлердің сөзінше, ғимаратты басып алуға әрекеттенген демонстранттарға қауіпсіздік күштері оқ атқан. Желіде тараған бейнематериалдарда адамдардың көп жиналғаны және әскери қызметкерлердің бар екені көрінеді.
Пәкістанның Синд провинциясының ішкі істер министрі ешкімге заңды өз қолына алуға жол берілмейтіні туралы айтты.
Бұған дейін Иран билігі елдің Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің қаза тапқанын растаған болатын. Сондай-ақ әскери басшылық құрамында елеулі шығындар болғаны хабарланды. Елде 40 күндік аза тұту күні жарияланды.