Еуропаға жол. Құбырға шабуылдың қазақ мұнайына әсері болды ма?

67
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/bzGQz4U5XEyDxwKRcCFeiu7HgWYGBOSIV9pTuuDP.webp

Татарстанда дрондардың шабуылынан кейін «Калейкино» мұнай айдау станциясы — «Достық» мұнай құбырының торабы өртенді. Қазақстан өз мұнай жеткізілімдеріне зиян келмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна“ порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеп.

23 ақпанға қараған түні Альметьевскіде «Калейкино» мұнай айдау станциясында өрт болды. Deutsche Welle украин дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, жергілікті тұрғындар бірнеше жарылыс дыбысын естіген, содан кейін нысанда өрт шыққан.

Өрттің видеокадрлары Telegram-арналарында тарады.

Альметьевск әкімшілігінің мәліметінше, өнеркәсіп аймағында дрон сынықтарының құлауынан өрт тұтанған. Билік өкілдері зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.

«Калейкино» станциясы — өңірдегі «Транснефть» жүйесіндегі ең ірі нысандардың бірі. Бұл – әртүрлі аймақтардан келетін мұнай қабылданып, араластырылып, сақталатын, әрі қарай магистральдық мұнай құбырлары арқылы жөнелтілетін басты мұнай айдау станциясы.

Соның ішінде мұнай Еуропаға экспортталатын «Достық» мұнай құбыры бағытына да жіберіледі.

Қазақстанның Энергетика министрлігі Татарстандағы оқиғаның қазақстандық мұнай тасымалына әсер етпегенін мәлімдеді.

«Оқиғаға қатысты тараған ақпаратқа байланысты Энергетика министрлігі бұл жағдай қазақстандық мұнайды тасымалдау үдерісіне әсер етпегенін хабарлайды. Жүк жөнелтушілерден шикізатты қабылдау және оны магистральдық мұнай құбырлары жүйесі арқылы әрі қарай айдау бекітілген кестеге сәйкес штаттық режимде жүзеге асырылуда. Қазақстан мұнайының транзиті немесе экспорты бойынша ешқандай шектеулер тіркелген жоқ», делінген хабарламада.

Қазақстан «Калейкино» станциясымен тікелей байланысты емес, алайда біздің мұнай сол жүйе арқылы өтеді: алдымен шикізат Атырау – Самара құбыры арқылы Ресейге жеткізіледі, содан кейін «Транснефть» магистральдық желісіне түседі. Мұнда әртүрлі өңірлерден келген мұнай араластырылып, бағыттар бойынша таратылады. Соның ішінде Еуропаға экспорт үшін «Достық» мұнай құбыры бағытына жіберіледі. «Калейкино» — осы жүйедегі маңызды тораптардың бірі, сондықтан ондағы кез келген оқиға теориялық тұрғыдан қазақстандық мұнай жүретін бағыттарға әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына бағыт алған үш танкерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты алаңдаушылық білдірген еді.

Белгілі болғандай, 2026 жылғы қаңтарда КҚК арқылы қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізу көлемі күрт азайды. Жөнелту көлемі жоспарланған деңгейден шамамен 45 пайызға төмендеді.

КҚК-дағы қиындықтар аясында Қазақстан мұнай бағыттарын өзгерте бастады.

Пікірлер