Жамбыл облысында қатты дауыл салдарынан ондаған ғимараттың шатыры ұшып, коммуналдық мәселелер туындады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы өңір әкімдігіне сілтеп.
«21 ақпан күні таңғы сағат 04:00-ден бастап Т. Рысқұлов ауданы аумағында секундына 30 метрге дейін жеткен қатты жел тіркелді. Нәтижесінде жеті елді мекендегі 25 нысанның, оның ішінде сегіз әлеуметтік нысанның шатырлары ішінара зақымданды. Сонымен қатар, 13 елді мекенде электр жарығы өшіп, үш елді мекенде газ беру уақытша тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Қалпына келтіру жұмыстарына тоғыз апаттық бригада жұмылдырылып, олар кезең-кезеңімен елді мекендерге электр қуаты мен газды қайта қосып жатыр. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта зақымданған нысандарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.