Жамбыл облысында қызметтік көлікте патрульдеу кезінде полиция қызметкері әріптесіне оқ атып, жарақаттады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында ақпаратты жариялады.
«Бүгін Жамбыл облысында полицей қызметтік көлікте келе жатып, әріптесіне оқ атты», – деп жазды ол.
Облыстық ПД баспасөз қызметі бұл ақпаратты растаған.
«2024 жылғы 16 қарашада қызметтік көлікте қызметтік аумақты патрульдеу кезінде қаруды абайсыз қолдану салдарынан полицейдің бірі әріптесінің арқасына кездейсоқ оқ атты», – деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Құқық қорғау органдары қызметтік міндеттерін орындау кезінде жіберілген салғырттық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Зардап шеккен қызметкер қазір Кордай аудандық ауруханасына жатқызылды.