Алматы қаласының прокуратурасы әлеуметтік желілерде таралып жатқан курьерді жауапкершілікке тарту жөніндегі ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Хабарланғандай, курьер тапсырысты жеткізу кезінде дөрекі әрекет жасап, тапсырыс берушіні әдейі жанжалға итермелеген. Ол «менің қарным ашып тұр» деп айтуға мәжбүрлеген, әйтпесе тапсырысты бермейтінін айтып қорқытқан. Бұл арандатушылық әрекет тараптар арасында сөзге келуге себеп болған. Ал тапсырыс беруші жанжал барысында бейәдеп сөздер қолданған.
Іс материалдарын қарау нәтижесінде оқиғаға қатысушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот қаулысымен әр қатысушыға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Прокуратура азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге және бұрмаланған мәліметтерді таратпауға шақырып, көрінеу жалған ақпарат тарату заңға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.