Конституциялық реформа аясында ұсынылған түзетулер елімізді қазіргі геосаяси және құқықтық тәуекелдерден қорғауға бағытталған. Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірінше, жаңа Конституция халықты тәуелсіздік пен егемендікті қорғауға міндеттейді. Сол себепті референдумға қоғам мен азаматтардың қатысуы оның ерекше құндылығын арттырады.
«Конституция жобасында біз қос азаматтығы бар адамды Қазақстан азаматтығынан автоматты түрде шығарамыз деп жаздық. Ол унитарлықты қамтамасыз ететін норма. Біз өзімізді Республика, унитарлы республика деп танимыз. Яғни, федерацияға, конфедерацияға, басқа да ұғымдарға жол бермейміз деген сөз. Мұның өзі көп дүниеден хабар береді», – деді ол.
Депутатттың айтуынша, қазақстандықтар жаңа Конституция әзірлеп қана қоймай, елдің болашағын қамтамасыз ететін миссияны орындағалы отыр. Бұл процесс әрбір қатысушы үшін тарихи жауапкершілік, ал қоғам үшін – өз келешегін қалыптастыруға мүмкіндік.
«Бұрын халық – биліктің қайнар көзі деп айтатын едік. Бұдан былай халық биліктің қайнар көзі ғана емес, егемендіктің де тірегі, қорғаны деп белгіледік. Бұл – үлкен жаңалық, маңызды өзгеріс. Өйткені жауапкершілік тек билікте, армияда, Парламентте болмау керек, Қазақстандағы 21 млн халық Тәуелсіздік пен Егемендіктің, мемлекеттік кепілі, қорғаны. Біз осыған келе жатырмыз және соны қамтамасыз етеміз, – деп атап өтті Айдос Сарым.
Сонымен қатар, ол жаңа Конституцияның еліміздің саяси жүйесін тұрақтандыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, технологиялық және әлеуметтік дамуға негіз болатынын атап өтті.
«Қазіргі күні адамның физикалық өмірі деген ұғым бар, яғни күнделікті көшеде жүреміз, үйде боламыз деген сияқты. Бұл – нақты физикалық өміріміз. Бірақ, қарап отырсаңыздар сонымен қатар Digital өмір пайда болды. Біздің білім алуымыз, ілім алуымыз, сауда жасауымыз сол ортаға еніп жатыр. Біз көптеген елдің алдын орап, Конституциямызға тұңғыш рет цифрлық құқық мәселесін енгізіп отырмыз. Осының аясында көптеген кодекстің, заңдардың өзгеретіндігі анық. Бұл үлкен жаңалық», – деді депутаты.
Оның айтуынша, Конституция қағидат ретінде бекітіліп, бірнеше бапқа нақты өзгеріс енді. Осыдан кейін жаңа Құрылтай барлық кодексті, заңдарды қайта жазып шығады.
«Біз бір дәуірді аяқтадық. Оны посткеңестік кезең деп айтуға болады. Жаңа, шын тәуелсіз кезеңге аяқ бастық. Конституцияның үлкен бір өзгерісі бұрын Ата заңның бір бабында «биліктің қайнар көзі – халық» деп жазылған дегенді алға тартатынбыз. Енді егемендіктің де қайнар көзі мен қорғаны халық деп біліп, соған жұмыс істейтін боламыз. Демек, жауапкершілікті бөлетін, тұтас халыққа ортақ ететін дәуірге келдік, – деп түйіндеді Айдос Сарым.
Волонтерліктің ұлттық желісінің басшысы жаңа Конституцияда волонтерлікті ынтыландыруды бекітуді ұсынды
Реформалардың мақсаты – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен егемендікті нығайту: сарапшылар Тоқаевтың саяси реформаларын талқылады