Навальныйдың өлімі. Еуропа зертханалары саясаткердің уланғанын анықтады

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KCd9eVcqQkJwyWDCSNfKXk46YtGycxG2Or05felZ.webp

 

Ұлыбритания, Швеция, Франция, Германия және Нидерланд билігі ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный өліміне эпибатидин атты улы зат себеп болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ұлыбританияның Сыртқы істер министрлігі (Форин-офис) таратқан баспасөз хабарламасында айтылған, деп хабарлайды “Адырна” порталы ВВС-ге сілтеп.

Еуропалық бес елдің мәліметінше, Навальныйдың биоматериалдарына жүргізілген бірнеше тәуелсіз зертханалық сараптама оның ағзасында эпибатидин бар екенін көрсеткен. Аталған үлгілерді саясаткердің отбасы шетелге шығара алғаны хабарланды.

Эпибатидин – Оңтүстік Америкадағы улы ағаш бақалары бөлетін күшті нейротоксин. Мамандар оның жоғары уыттылығын және жүйке жүйесіне әсер ететінін атап өтеді. Британ тарапының мәлімдеуінше, бұл зат Ресей табиғатында кездеспейді.

Форин-офистің хабарлауынша, эпибатидиннің уыттылығы мен Навальныйдың өліміне дейін байқалған белгілерді ескере отырып, улану оның қайтыс болуына ықтимал себеп болған.

Бес ел бұл жайт бойынша Химиялық қаруға тыйым салу ұйымын Ресейдің Химиялық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны бұзуы мүмкін деген күдікпен ресми түрде хабардар еткен.

Еске салсақ, Алексей Навальный 2020 жылдың тамызында «Новичок» деп аталатын әскери умен уланғаннан кейін шетелде ем қабылдап, кейін Ресейге оралған еді. Ресей билігі бұл улануға қатысы барын жоққа шығарған. Сонымен қатар Мәскеу тарапы Навальный түрмеде табиғи себептерден қайтыс болды деген ұстанымды алға тартады.

«Новичок» заты 2018 жылы Ұлыбританияның Солсбери қаласында да қолданылған. Сол оқиға салдарынан Дон Стерджесс қаза тапқан болатын.

Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова бес елдің мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, нақты зертханалық нәтижелер мен заттардың формулалары ұсынылмайынша, бұл айыптауларды «ақпараттық науқан» деп бағалайтынын айтты.

Саясаткердің әйелі Юлия еуропалық елдерге жүргізілген зерттеу үшін алғыс білдіріп, күйеуінің уланғанына алғашқы күннен бастап сенімді болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, екі елдегі екі зертхана бір-бірінен тәуелсіз түрде улану фактісін растаған.

Қазіргі уақытта бұл мәселе халықаралық деңгейде талқыланып, ресми Мәскеу мен Батыс елдері арасындағы саяси пікірталасты күшейтіп отыр.

Пікірлер