Жетісуда 2025 жылдың қорытындысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есеге өсті

125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3WIgXJh5FSxia3OOGGFpM2t0x1m0kbkN68YPZfkT.jpg

Жетісу облысында жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсіп, 2,5 трлн. теңгеге жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім кемінде 6,5% деңгейінде күтілуде. Бұл туралы өңір басшысы Бейбіт Исабаев облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған кешенді даму жоспары туралы мәселе қаралған облыс әкімдігінің отырысында айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, Жетісу облысы бойынша соңғы үш жылда өңірге 1,5 трлн теңге инвестиция тартылып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеді. Сол сияқты 2023–2025 жылдары 1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, шамамен 11 мың отбасы қоныс тойын тойлады. Сонымен қатар 276 әлеуметтік нысан салынып, жөндеуден өтті, сөйтіп оларды жаңарту деңгейі 55,8%-ға жетті. Орталық ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ды құрады, 110 елді мекенге газ тартылып, өңірді газдандыру деңгейі 67%-ға жетті.

- Жетісу облысы құрылғаннан бері халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізетін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбыры салынды, «Достық–Мойынты» учаскесінде екінші теміржол жолдарының құрылысы аяқталды. «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» жолдары пайдалануға берілді, «Сарыөзек – Көктал – Қорғас» жолы жаңғыртылып, республикалық маңызы бар жолдар 100%-ға жөнделді. Облыс жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 95%-ға жетті. Көп жылдан бері шешілмей келген Молалы айналмасынан Балқаш көліне дейінгі жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Бұл ретте туризм саласына ерекше назар аударылды. Мәселен, 2025 жылы бұл салаға облыстың даму бюджетінің шамамен 30%-ы бөлінді, - деп атап өтті Б. Исабаев.

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы негізгі баяндаманы облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов жасады. Ол өңірдің жетістіктері мен проблемалық мәселелеріне талдау жасады.

Мұнан соң бірқатар аудан және қала әкімдері, сондай-ақ бірнеше басқарма басшылары сөз сөйледі. Баяндамалардан кейін Бейбіт Исабаев жауапты тұлғаларға Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын негізге ала отырып, бірқатар басым міндеттер жүктеді.

Жетісу облысы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу деңгейін арттыруға басымдық бермек. Бұл үшін заманауи агротехнологиялар қолдану, инвестиция тарта отырып, тауарлы сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын, құс фабрикаларын, жылыжайларды салу, ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану қажеттігі атап өтілді. Өнеркәсіпті, шағын және орта бизнесті дамыту, салаға инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу – басым міндеттердің қатарында. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар мен жалпы инфрақұрылым құрылысының сапасы мен мерзімі тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тағы бір маңызды міндет – «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Медициналық қызмет сапасын арттыру, скринингтік тексерулерді уақтылы өткізу, өңірге тәжірибелі медицина мамандарын тарту арқылы халықтың денсаулығын сақтауға ерекше назар аударылады.

- Бюджет сапалы игерілуі тиіс. Бірінші кезектегі қажетті жобаларға қаржы тиімді жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, аудан, қала, ауылдық округ әкімдері өңірдеің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өз жауапкершілігін толық сезініп, қолданыстағы қаржы мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдаланып, әрбір тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындауы керек. Жалпы, биылғы жылдың көрсеткіштері белгіленіп, басым бағыттары айқындалды. Даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге басты керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже, - деді облыс әкімі жиынды қорытындылап.

Жиын соңында 2025 жылдың қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті. «Үздік аудан» номинациясында Көксу ауданының әкімдігі жеңімпаз атанса, «Үздік ауылдық округ» ретінде Алакөл ауданындағы Бескөл ауылдық округі танылды. Ал Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Үздік басқарма»,  Облыстық кардиологиялық орталық «Үздік мекеме» атанды.

Сондай-ақ өз салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар басшылар «Адал қызметі мен еңбегі үшін» арнайы алғыс белгісімен марапатталды.

Пікірлер