«Халықтық құрылыс»: Талдықорғанда Креатив орталығы, жаңа музей және Халық шығармашылығы орталығы ашылады

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/4JU3xAEVcrYGM0MWRXb03qR9TvyPn3fXu1Pq0kRQ.jpg

Президенттің «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Жетісу облысында келесі жылы ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылады. Олардың қатарында мәдениет саласының нысандары да бар. Атап айтқанда, Талдықорғанда Креатив орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы жаңа музей ғимараты салына бастайды. Ал қазіргі музей ғимараты қайта жаңғыртылып, онда Халық шығармашылығы орталығы орналасады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралау барысында айтты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта Креатив орталығы ғимараты пайдалануға беруге дайын.

Бейбіт Исабаев атап өткендей, ғимаратты қайта жаңғырту кезінде қасбетін қаптауға ерекше көңіл бөлінген. Материалдар сапасы мен төзімділігі, сондай-ақ эстетикалық тартымдылығы ескеріле отырып таңдалған. Соның нәтижесінде ғимараттың заманауи әрі көрнекті келбеті қалыптасты. Сонымен қатар облыс әкімі жауапты тұлғалармен Креатив орталығы ғимаратындағы маңдайшалардың стилі мен дизайнын талқылады, дизайн жаңартылған қасбеттің жалпы келбетімен үйлесуі тиіс екенін айтты.

-Мемлекет басшысы жариялаған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында келесі жылы Жетісу облысында ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Жаңа музей ғимаратының құрылысын бастаймыз, оның ішінде балалар музейі де болады. Ал қазіргі музей ғимаратына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, Халық шығармашылығы орталығын ашамыз. Мұның бәрі заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтіп отырған Дәнеш Рақышевтың атындағы облыстық филармония ғимаратының қасбетін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ал Креатив орталығын жақын арада пайдалануға береміз. Мұнда жастардың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған. Олар өз жобаларымен тегін жұмыс істеп, стартаптарын дамытып, идеяларын жүзеге асыра алады, – деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен Көркемсурет галереясының базасында құрылған Креатив орталығы қолөнершілерге, бизнес өкілдеріне, жас стартаперлерге арналған. Орталық шығармашылыққа, білім алуға және жаңа IT-технологияларды дамытуға бағытталған қалалық креативті индустриялар кеңістігіне айналмақ. Сонымен қатар Көркемсурет галереясы ғимараттың үшінші қабатында жұмысын жалғастырады.

Пікірлер