Парламент бүгін төрағасыз қалды. Қамшыбектен кейін Нұрланбек кетті

361
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OwHkz0EPjIVbswlvXVnqoCMLAssSWb2XqIqJv9fK.jpg

Қырғызстан парламентінің спикері Нұрланбек Тұрғынбекұлы бейсенбі күні өткен отырыста отставкаға кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Елде болған саяси оқиғаларға байланысты мен бір немесе екі адамға қызмет етпейтінімді айтқым келеді. Мен халыққа, мемлекетке және парламентке қызмет етемін. Өз еркіммен қызметтен кету туралы шешім қабылдадым. Бұл — сыртқы қысымсыз қабылданған жеке шешімім»,- деді ол.

Спикердің отставкасы туралы мәселе Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы Қамшыбек Тәшиев қызметтен босатылған сәттен бастап талқыланып келген. Алайда парламентте бұл ақпарат жоққа шығарылған еді.

Нұрланбек Тұрғынбекұлы VIII шақырылым парламентінің төрағасы болып 2025 жылғы 17 желтоқсанда сайланған. Бұған дейінгі шақырылымда да ол елдің заң шығару органын басқарған.

Айта кетейік, бұған дейін Садыр Жапаров Қырғызстан ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Тәшиевті және оның үш орынбасарын қызметтен босатқан болатын. Президент бұл шешімін мемлекет бірлігін нығайтып, қоғамдағы алауыздыққа жол бермеу қажеттілігімен түсіндірді.

ҰҚМК төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып Жұмғалбек Шабданбеков тағайындалды.

Пікірлер