Индонезияда көшкін құрбандарын іздеу сегізінші күнге жалғасты. 70 адам қаза тапты

46
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dCNscVrlaA8d31hZhhxoELrPS0exv2Sy7yAawKEE.jpg

Индонезияның Батыс Ява провинциясында болған көшкін салдарынан қаза тапқандарды іздеу-құтқару жұмыстары сегізінші күнге ұласты. Қазіргі уақытта 70 адамның мәйіті табылды. Бұл туралы Xinhua агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Detik.com басылымының мәліметінше, Бандунг қаласының іздестіру-құтқару басқармасының басшысы Аде Диан Пермана ауа райының ашық болуы құтқару операциясына қолайлы жағдай жасап отырғанын айтты. Оның сөзінше, мәйіттер бірнеше аумақтан анықталған.

Көшкіндер өткен сенбі күні таңертең Батыс Бандунг округіне қарасты Чисаруа ауданында болған. Қазіргі таңда 10 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында қалып отыр.

Жергілікті уақыт бойынша сенбі күні сағат 14:30-дағы мәліметке сәйкес, билік 52 қаза тапқан адамның жеке басын анықтаған, ал қалған мәйіттерге сараптама жүргізіліп жатыр. Іздестіру жұмыстары жалғасуда. Құтқару топтары қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып, жағдайға байланысты тактикаларын өзгертіп отырғанын атап өтті Пермана.

Айта кетейік, Индонезияда әдетте қазаннан наурызға дейін созылатын жаңбырлы маусым кезінде су тасқыны мен көшкіндер жиі тіркеледі.

Бұған дейін Ява аралында болған көшкін салдарынан 25 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.

Пікірлер