Қазақстан Ресейге шешен белсендісі Мансур Мовлаевты беруге шешім қабылдады

117
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8Zqj0WloWGQU7xYthOgq5EE5FWeSoTXK015JM0Rw.jpg

Қазақстанның Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге экстрадициялауға келісім берді. Бұл туралы әлеуметтік желілерде заңгер Мұрат Адам мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна”.

«Бүгін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасынан жаман хабар алдық: олар Ресей Федерациясының Бас прокуратурасының шешен оппозиционері әрі белсендісі Мансур Мовлаевты беру туралы экстрадициялық сұрауын қанағаттандыруға шешім қабылдады», – деп жазды заңгер.

Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Қазақстан билігі Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Қазір бұл шешім сотта дауланып жатыр, алдын ала сот тыңдауы 11 ақпанға белгіленген.

Қазіргі уақытта Мансур Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында (СИЗО) отыр.

Сонымен қатар, белсендінің қолдау тобы Instagram желісінде Қазақстан Бас прокуратурасынан алынған құжаттың көшірмесін жариялады. Құжатта экстрадиция туралы шешім заңды күшіне енгеннен кейін 30 тәулік ішінде Мовлаевты Ресейге тапсыру міндеті көрсетілген.

Құқық қорғаушылар бұл шешімді заңсыз деп атап отыр, себебі белсендінің «баспана алу жөніндегі сот процестері әлі жүріп жатыр». Сондай-ақ олар Ресейде оны «100 пайыз ықтималдықпен өлтіреді» деп мәлімдейді.

Мансур Мовлаев Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровты қатаң сынауымен, сондай-ақ республикадағы адам құқықтарының бұзылуы мен саяси репрессияларға қарсы сөз сөйлеуімен танымал.

2020 жылы белсенді Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы (есірткі заттарының заңсыз айналымы) бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылған. Шешен оппозиционерлерінің айтуынша, бұл іс жалған құрастырылған.

2022 жылы Мовлаев шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, алайда көп ұзамай оны ұрлап, Шешенстандағы аудандық ішкі істер бөлімдерінің біріне жеткізген. Ұсталған адам қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен. Осыдан кейін Ресей оны экстремизмді қаржыландырды деген айыппен федералдық іздеуге жариялаған.

Қырғызстанда Мовлаев шекараны заңсыз кесіп өткені үшін түрмеде жазасын өтеп, елден шығарылуы тиіс болған, алайда ол өз бетімен елден кетіп үлгерген.

2025 жылдың мамыр айында белсенді Ресейдің сұрауы бойынша Қазақстанда ұсталды. Алдымен ол 40 тәулікке қамауға алынды, кейін бұл қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

Пікірлер