"Біртұтас жүйе жоқ". Президент мемлекеттік органдардың цифрлық жобаларын сынға алды

165
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0BBRJVRobdIHEnfQrwa1srdaDLKqOUjKo1Z2YEYm.jpg
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратурада кеңес өткізді. Президент елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты деп хабарлайды "Адырна".

Қазақстан президенті 2026 жылғы 26 қаңтарда жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті.

Сонымен қатар, қоғамға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет деп айтты.

"Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ".Мемлекет басшысы

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке енгізілген барлық цифрлық шешімдерге талдау жүргізіп, тексеру тапсырмасын берді.

Одан бөлек, Тоқаев  құқық қорғау органдарын цифрландыру үдерісінің біріздендірілмегенін мәлімдеді.

"Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ. Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, тексеріп, олардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Күштік құрылымдарға арналған түсінікті құрылымы бар және технологиялық стандарттары біркелкі бірыңғай цифрлық экожүйе жасалуға тиіс", - деді Президент.

Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғау қажет екенін айтты.

"Ақпараттық кеңістікте азаматтардың дербес деректері жарияланып кеткені туралы хабар жиі шығып жатады. Дербес деректерді барынша қорғау үшін бұл жұмыспен жүйелі түрде айналысу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер