Арқалық қаласының жаңғыртылған әуежайы 2026 жылдың екінші жартысында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімі Әмірхан Асанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Әкімнің айтуынша, әуе айлағының іске қосылуы өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Жоспарға сәйкес, алғашқы рейстер Алматы, Астана және Қостанай бағыттары бойынша жүзеге асады.
"Жоспар бойынша алғашқы ұшақтар Алматы, Астана және Қостанай бағыттары бойынша ұшады. Яғни, әуежай бизнес, білім беру, туризм және жолаушылар қатынасының жаңа белеске көтерілуіне жол ашады. Арқалықтың транзиттік әлеуеті артып, өңір дамуына оң серпін беретін жаңа мүмкіндіктер пайда болады", - деді қала басшысы.
Қала басшысы әуе қатынасының қайта жандануы бизнес байланыстарды күшейтіп, туризм мен жолаушылар тасымалын арттыруға, сондай-ақ Арқалықтың транзиттік әлеуетін көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жасұлан Ысқақов әуежайдың ашылуы әлеуметтік тұрғыдан да маңызды екенін жеткізді.
"Арқалық әуежайы іске қосылған соң, қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру тұрғысынан да мол пайда әкеледі. Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде көптеген азаматтар тұрақты жұмысқа орналасады. Әркім өзіне қолайлы жұмыс тауып, алдағы жазда ашылатын әуежайдың халыққа сапалы қызмет көрсетуіне үлес қосатын болады", - деді ол.
Сонымен қатар жергілікті «Арқалық хабары» басылымының жазуынша, Арқалық әуе айлағына Алаш қайраткері, ұлт зиялысы Міржақып Дулатұлының есімі берілуі ықтимал. Жасұлан Ысқақовтың мәліметінше, ол 2026 жылдың ақпан айынан бастап жаңадан құрылған филиал — Міржақып Дулатұлы атындағы Арқалық қалалық әуежайының директоры қызметіне кіріседі.
Айта кетейік, Арқалық әуежайы XX ғасырдың екінші жартысында салынған. 1990-жылдардағы экономикалық дағдарыс салдарынан әуе рейстері сиреп, нысан ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған.