Қазақстанда мобильді интернет пен ұялы байланыс қызметтерінің бағасын төмендетуді сұрап, петиция жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Петиция GosRating.com платформасында жарияланған. Құжат авторы ретінде Осмае Асанов есімді азамат көрсетілген. Өтініш Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне, сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жолданған.
Петиция авторлары ұялы байланыс операторларының қазіргі тарифтік саясатын негізсіз деп бағалайды. Олардың айтуынша, операторлар жабдық сатып алу шығындары мен салықтық ауыртпалықты, соның ішінде қосылған құн салығының өсуін алға тартып, тарифтерді жыл сайын көтеріп келеді. Алайда байланыс сапасының айтарлықтай жақсаруы байқалмайды.
«Нарықтық өзін-өзі реттеу өз тиімділігін көрсете алмады. Шынайы бәсекенің болмауы операторлардың бір мезгілде әрекет етуіне әкеліп отыр. Барлық операторларда бағаның қатар өсуі тұтынушыларды таңдау мүмкіндігінен айырып, тарифтер бойынша жасырын келісім бар екенін көрсетеді», – делінген петиция мәтінінде.
Сондай-ақ авторлар мемлекеттік қызметтер, онлайн-банкинг пен білім беру саласының кеңінен цифрландырылуын ескере отырып, интернетке қол жеткізу артықшылық емес, негізгі қажеттілік екенін атап өткен. Осыған байланысты мемлекет азаматтарды жеке компаниялардың негізсіз баға өсіруінен қорғауға міндетті деп санайды.
Петицияда қолданыстағы тарифтерді қызмет сапасы мен халықтың сатып алу қабілетіне сай деңгейге дейін төмендету, ұялы байланыс пен интернетті әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде тану, Қазақстан мен басқа елдердегі байланыс бағаларына ресми салыстырмалы талдау жүргізу талаптары көрсетілген.
«Бізді ортақ шекара біріктіреді»: Тоқаев Путинмен кездесуінде екі ел арасындағы қарым-қатынасқа баға берді