«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыс қарқынды

49
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uHY4DLEWRQPBYTthdlaReMdnHC3TP7wTIzZOn0SK.jpg

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылғы жұмыстың нәтижесі көңілге қонымды, биылға жоспарланған істің де ілкімді боларына сенім зор.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында: «Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі, «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді», – деп атап өтті. Осы ізгілікті іске жетісулықтар шынайы ықыласпен үн қосып, өткен жылы облыс аумағында ауқымды абаттандыру және жаңғырту жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, қала және аудан аумақтарында барлығы 21 саябақ (13 саябақ, 6 аллея, 2 сквер), 2 орталық алаң, 49 аула, сондай-ақ 81 балалар мен спорт алаңы абаттандырылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлердің 77 шатыры мен 33 қасбеті жөнделіп, 16,5 шақырым арық желілері қалпына келтірілді. Өңірдегі 72 ескерткіш жаңғыртылып, 315 шақырым көше бойына жарық шамдары орнатылды.

Бағдарлама аясында тұрғындардың өтініштерін қабылдап, нақты шаралар қабылдауға негіз болған телеграм-бот іске қосылғаны көпшілікке мәлім.  Оның жұмысы басталғалы бері 624 өтініш келіп түсіп, соның 525-і орындалды. Ал қарастырылмаған 99 өтініштің мазмұны бағдарламадан тыс, басқа мәселені көтерген. Тек 2025 жылдың өзінде 279 өтініш тіркеліп, 215-і оң шешімін тапты.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының жалпыхалықтық сипат алуы жемісті нәтижеге қол жеткізеді. Осы орайда облыс тұрғындарының белсенділігін атап өту маңызды. Былтыр облыс бойынша аталған бағдарлама аясындағы іс-шараларға 227 мыңнан астам адам қатысты. Нәтижесінде жоспарланған 120 мың көшеттің орнына 134 901 түп көшет отырғызылып, 14 425 тонна қоқыс шығарылды.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табатыны анық. Жоспарға сәйкес, 9 саябақ (7 парк, 2 аллея), 1 орталық алаң, 25 аула, 18 балалар және спорт алаңы абаттандырылады. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің 61 шатыры мен 49 қасбеті жөнделіп, 13,6 шақырым арық жүйесі қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, 200 шақырым көшені жарықтандыру көзделіп отыр.

Одан бөлек, жаңадан құрылған «Алакөл-Тазалық» және «Балқаш-Тазалық» коммуналдық кәсіпорындарын арнайы техникамен қамтамасыз ету, сондай-ақ Балқаш көлі жағалауындағы коммуналдық жағажайларды абаттандыру жоспарлануда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ел мен жердің көркін арттыруға және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған «Таза Қазақстан» бағдарламасының міндеттеріне әр азамат жауапкершілікпен қарауға тиіс.

Пікірлер