АҚШ вице-президентінің үйіне шабуыл жасалды

355
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/08tK4LARJZN3JkUoI0Wzat5E13sCteG3etG54nYy.jpg

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнстің Огайо штатындағы Цинциннати қаласына жақын Уолнат-Хиллз ауданында орналасқан үйіне шабуыл жасалған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазір күдікті қолға түскен. Бұл туралы АҚШ құпия қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, оқиға дүйсенбіге қараған түні, түн ортасынан кейін көп ұзамай болған. Құпия қызмет агенттері үй маңында кезекшілік атқарып жүрген сәтте тәртіп бұзушыны жедел түрде тоқтатқан. Күдікті ретінде 26 жастағы Уильям ДеФур қамауған алынған.

Алдын ала ақпаратқа сәйкес, ер адам үйдің терезелерін балғамен сындырып, ішке кірмек болған. Сонымен қатар ол құпия қызметке тиесілі автокөлікке де зақым келтірген.

Джей Ди Вэнс бұл кезде отбасымен бірге Вашингтонда болғанын айтты. Ол X әлеуметтік желісіндегі парақшасында оқиғаға қатысты пікір білдіріп, жедел әрекет еткен Құпия қызмет пен Цинциннати полициясына алғыс айтты.

«Үйімізге жасалған шабуылға байланысты жылы лебіз білдіргендердің барлығына рахмет. Ақылынан адасқан адам терезелерді балғамен сындырып, үйге кіруге тырысқан. Бақытымызға орай, біз ол кезде үйде болған жоқпыз», — деп жазды Вэнс.

Сондай-ақ вице-президент бұқаралық ақпарат құралдарын балалардың қауіпсіздігін ескеруге шақырып, бүлінген үйдің суреттерін жариялауға сақтықпен қарауды өтінді.

Қазіргі таңда құпия қызмет Цинциннати полициясымен және АҚШ прокуратурасымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Күдіктіге нақты қандай айып тағылатыны әлі шешілмеген.

Пікірлер