Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықова 2024 жылы 88 678 984 теңге табыс тапқан. Бұл деректер министрліктің лауазымды тұлғаларының табыстары жөніндегі ақпаратта көрсетілген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Аталған табыс бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан түскен. Атап айтқанда, бұл — акциялар мен өзге де қаржы құралдары бойынша алынған дивидендтер мен сыйақылар. Кірістер министр тарапынан декларацияланған.
Жарияланған мәліметтерде өзге табыс көздері немесе мүлік туралы ақпарат берілмеген.
Одан бөлек, құжатта Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаевтың отбасына қатысты да деректер жарияланды. Онда оның жұбайы Гүлнұр Дарбаеваның 2024 жылы 69,6 млн теңгетабыс декларациялағаны көрсетілген.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шенеуніктердің табысы мен мүлкі туралы міндетті түрде жарияланатын мәліметтердің жаңа, қысқартылған тізбесін бекіткен болатын. Қазіргі таңда есепте тек үш дерек қана көрсетіледі:
декларация тапсырушының және оның жұбайының (жұбайының) тегі, аты, әкесінің аты;
есептік салық кезеңі;
салық салынатын жалпы табыс сомасы.
Ал бұрын мемлекеттік қызметкерлер банк шоттарындағы қаражатты (оның ішінде шетелдік банктердегі), мүлік сатудан түскен кірістерді және өзге де табыс көздерін көрсетуге міндетті болған.