SIM-картаға жаңа талаптар енгізілмек

216
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Kawv0vFf6p4B2Zms6aM7l6xNVjq6l53B6VdjX2Zu.webp

Қазақстанда мобильді және интернет-алаяқтықпен күресті күшейтуге бағытталған жаңа шаралар пакеті іске қосылады. Билік SIM-карталарды пайдалану тәртібін қатаңдатып, абоненттерді сәйкестендіру механизмдерін кеңейтпек. Бұл туралы Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Ақпаратқа сәйкес, соңғы жылдары телефон және онлайн алаяқтық көбейіп, SIM-бокстар, жаппай қоңырау шалатын құрылғылар мен аноним нөмірлер негізгі құралға айналды. Жаңа ережелер осы осал тұстарды жабуға бағытталған.

Қабылданған шешімдер:

• алаяқтық нөмірлерді жедел анықтау;

• SIM-карталарды заңсыз тіркеуді шектеу;

• абоненттің нақты кім екенін дәлелдейтін тетіктерді күшейту.

Маңызды жаңалықтардың бірі – ұялы байланыс операторларының Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен тікелей өзара іс-қимылы.

Егер күмәнді қоңыраулар немесе SMS-хабарламалар анықталса, соның ішінде SIM-бокстар арқылы жіберілген жаппай хабарламалар болса:

• оператор ақпаратты Антифрод-орталыққа жібереді;

• тексеру жүргізіледі;

• алаяқтық белгілері расталса, нөмір бірден бұғатталады, ал байланыс қызметі тоқтатылады.

Бұл механизм алаяқтардың әрекет ету уақытын қысқартып, қаржылық шығынның алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа тәртіпке сәйкес, бір адам жеке және отбасылық қажеттілік үшін 10 SIM-картаға дейін ғана тіркей алады.

Ал одан көп нөмір қажет болған жағдайда:

• қажеттілік нақты негізделуі тиіс;

• SIM-карталар қолданылатын құрылғылар көрсетіледі.

Бұл талап алаяқтық колл-орталықтарға тән жаппай нөмір жинау тәжірибесін тоқтатуға бағытталған.

Енді SIM-карта рәсімдеу кезінде міндетті биометриялық идентификация енгізіледі. Бұл талап:

• жеке тұлғаларға;

• бизнеске;

• корпоративтік SIM-карта алатын қызметкерлерге де қатысты.

Биометрия анонимді нөмір қолдану мүмкіндігін жояды және әр абоненттің жеке жауапкершілігін арттырады.

Мамандардың айтуынша, биометриялық сәйкестендіру делдалдар мен бейресми дилерлер арқылы SIM-карта сатуды тиімсіз етеді.

«SIM-карта қай жерде сатып алынғанына қарамастан, байланыс қызметі тек абоненттің жеке басы расталғаннан кейін ғана іске қосылады», – делінген ресми хабарламада.

Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар:

• байланыс нарығын ашық әрі қауіпсіз етеді;

• телефон және интернет-алаяқтықты азайтады;

• азаматтарды қаржылық және цифрлық алдаудан қорғауды күшейтеді.

Пікірлер