Қазақстан Республикасы тәуелсіз ел ретінде саяси даму бағыты енді айқындалып жатқан тарихи кезеңде профессор Ж. О. Ибрашев еліміз үшін жаңа әрі стратегиялық маңызы зор – халықаралық қатынастар саласында мамандар дайындау қажеттілігі туралы алғашқылардың бірі болып мәселе көтерді. Оның пайымдауынша, әлемдік қауымдастықтың дербес мүшесі ретінде Қазақстанның шет мемлекеттермен тиімді өзара ықпалдастықты орнатуы үшін халықаралық қатынастар мен дипломатия саласында жоғары білікті кәсіби мамандарды даярлау - аса өзекті міндет болды.
Бұл ұсынысты тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Ысқақұлы Сүлейменов пен сол кездегі министрдің орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдау көрсетіп, 1992 жылдың көктемінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті жанынан Халықаралық қатынастар бөлімі ашылды.
Ал «Халықаралық құқық» мамандығының негізі 1990 жылы заң ғылымдарының докторы, профессор М. А. Сарсембаевтың бастамасымен ҚазМУ-дің заң факультетінде Халықаралық құқық кафедрасының құрылуымен қаланды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы негізінде университеттің Ғылыми кеңесінің 1995 жылғы 28 сәуірдегі № 88 бұйрығымен Халықаралық қатынастар факультеті ресми түрде құрылып, осы саладағы алғашқы кәсіби мамандар 1995 жылы Халықаралық қатынастар факультетін бітірген болатын.

Факультеттің құрылуына профессор Ж. О. Ибрашев тікелей бастамашылық жасаса, факультеттің алғашқы деканы болып ҚазМУ профессоры Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова тағайындалды. Ол жаңа мамандықтың институционалдық қалыптасуы мен ғылыми-әдістемелік тұрғыдан дамуына елеулі үлес қосты. Оның басқаруымен жаңа факультет нағыз кәсіби дипломатиялық мектепке айналды. Факультет қызметінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің сол кездегі кәсіби дипломаттары – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, Михаил Иванович Есеналиев, Алексей Юрьевич Волков студенттерге дипломатиялық қызмет саласына қатысты пәндерден дәрістер оқыды. Кейіннен еліміздің кәсіби елшілері - Акмарал Хайдаровна Арыстанбекова, Әуесхан Мақатаевич Қырбасов, Мұрат Турарович Лаумуллин, Қайрат Исағалиевич Исағалиев, Алим Шакирович Джамбуршин, Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев факультет студенттеріне өздерінің дипломатиялық тәжірибелерімен бөлісіп, оқытушылық қызмет те атқарды. 2001 жылдан бастап факультеттің құрамына «Халықаралық экономикалық қатынастар» - қазіргі «Әлемдік экономика» мамандығының оқытушылары мен студенттері қосылды. 2002 жылы әлем аймақтарын жүйелі түрде талдай алатын, олардың ерекшеліктерін, өзара байланыстарын және жаһандық саясаттағы рөлін кешенді түрде зерделейтін «Аймақтану» мамандығы ашылды.

Бүгінгі күні Халықаралық қатынастар факультеті үш дәрежелі деңгейде - бакалавриат – магистратура – PhD философия докторы негізінде – «Халықаралық қатынастар», «Халықаралық құқық», «Әлемдік экономика», «Аймақтану» және «Халықаралық қатынастар және құқық саласындағы аударма» сияқты бес білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды. Бірқатар білім беру бағдарламалары аясында қос дипломдық білім беру жобасы бойынша магистрлерді дайындау мақсатында кафедра серіктес жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) мен Ресей халықтар достығы университеті (РУДН) арқылы белсенді ынтымақтастық жүргізеді.
Факультет оқу үдерісін ғылыми-зерттеу қызметімен біріктіріп, инновацияны дамытып, ғылым мен бизнестің үйлесімді байланысын қалыптастыруда. Факультеттің ғылыми-зерттеу жұмысы профессорлық-оқытушы құрамының терең зияткерлік әлеуетіне және факультеттің ірі ғылыми-зерттеу орталықтары мен университеттермен тиімді халықаралық ынтымақтастығына негізделген. Осы жылдар ішінде факультет АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Испания, Италия, Ресей, Қытай, Түркия, Үндістан, Жапония, Венгрия және басқа да елдердің жетекші университеттерімен, Еуропа және АҚШ-тағы ірі ғылыми-сараптамалық орталықтармен, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ, НАТО және басқа халықаралық ұйымдармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатты.
Халықаралық қатынастар факультетінде профессор Ж.О. Ибрашевтің төрағалығымен 1997 жылдан бастап «07.00.15 - Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы» мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияларды қорғау бойынша диссертациялық кеңес жұмыс істеді. 2003 жылы осы мамандық бойынша еліміздегі алғашқы докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес ашылды. Бүгінгі заманауи талаптарға сай факультетте профессор Қ.Е. Байзақованың төрағалығымен «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша PhD докторлық диссертациясын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес жұмыс істейді.
Факультет түлектері мемлекеттік қызметте, дипломатияда, саясат пен бизнес саласында, сондай-ақ халықаралық ұйымдарда білікті мамандар ретінде танылып келеді. Олар ҚР Сыртқы істер, Әділет және Қорғаныс министрліктерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, еліміздің елшіліктері мен консулдықтарында, сондай-ақ Президент пен Үкімет аппаратында және Қауіпсіздік кеңесінде жауапты қызметтер атқаруда. Факультет түлектерінің көпшілігі шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде елімізді лайықты деңгейде танытып, іскер орта мен академиялық мекемелерде жоғары сұранысқа ие мамандар ретінде университеттің, факультеттің мақтанышына айналды. Олардың кәсіби жетістіктері мен қоғамдағы орны біз үшін үлкен мақтаныш болып табылады.
Бүгін біз өткен тарихты еске алып, болашаққа сеніммен қараймыз. 30 жылдық тәжірибе – жаңа белестерге жол ашқан бастама. Осы жылдар ішінде факультет халықаралық қатынастар саласында білікті мамандар даярлап, еліміздің сыртқы саясаты мен жаһандық интеграциясына айтарлықтай үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да факультет өзінің ғылыми-зерттеу және білім беру бағыттарын дамытып, жаңа жетістіктерге жету арқылы Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға ат салыса береді. Сондықтан біз өткен жетістіктерімізді мақтан тұтып, болашаққа үлкен үмітпен қараймыз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Халықаралық қатынастар және
әлемдік экономика кафедрасының
профессор м.а Б.З.Бюжеева