"Дипломымыз жарамсыз болып қалды". ҚазҰУ студенттері резидентураға түсе алмай жүр

1566
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен тағы да дау шықты. Бұл жолы оқу орнында медицина факультетін 6 жыл оқыған түлектер резидентураға түсе алмай қалғанын айтып, алаңға жиналды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы КТК телеарнасына сілтеп.

6 жыл бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде медицина факультетінде білім алған студенттер резидентураға түсе алмаған.

Бес жылдық бакалаврды, кейін бір жылдық интернатураны бітірген түлектер биыл резидентураға түсе алмаған. Себебі өзге медициналық жоғары оқу орындары ұлттық университет түлектерінің интернатураны жеткіліксіз оқығанын мәлімдеген.

“Бір жылдық интернатураларыңыз жарамсыз, екінші жыл барып оқып келіңіздер” деп отыр. Диплом қолдарында, мемлекеттік үлгіде. Диплом мемлекеттік құжат, оны қоқысқа тастап, екінші жыл оқи берейік деген нәрсе дұрыс емес, процедура бұзылады, заң бұзылады”, – деді университет түлегі Айдана Пазылбек.

Ұлттық университетті келесі жылы тағы 80 студент тәмамдамақ. Олар қазірден дабыл қағып отыр. Өйткені резидентураға түсу медицина студенттері үшін аса маңызды болып отыр.

“Менің бес жылдық оқуым зая кетпек. Себебі ар жағында мен жалпы тәжірибелік дәрігер болуға ғана құқым қалып тұр. Жылына 1 миллион 70 мың төледім. Интернатурада баға одан да үлкейеді, 1 миллион 700 мың сұрайды. Мен соны төлеуім керек. Оның үстіне одан кейін жылдар бойы төленген ақшаммен әрі қарай мен жеке мамандық ала алмаймын”, – деп дабыл қақты түлектердің бірі Әлия Құдайберген.

Сөйтсе Қазақ ұлттық университеті жастарды медициналық білім берудің жаңа стандартымен оқытыпты. Соған сәйкес бакалаврдан кейін оқылатын интернатура бір жылға қысқартылған. Студенттер білімін жеткілікті деп санаған университет басшылығы денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдаған.

“Хат жаздық, нәтижесін күтіп отырмыз. Егер де министрліктің “оқыт” деген шешімі болса, онда біз тағы бір жыл оқытуға дайынбыз. Себебі балалар бәрі бір жыл ақылы түрде оқыды. Енді тағы бір жыл оқыт десе, оқытамыз”, – деді ҚазҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алтай Қазмағамбетов.

Ал денсаулық сақтау министрлігі болашақ дәрігерлерге мерзімінен бұрын диплом берген университетті айыптады.

“Білім туралы заңға сәйкес, олар университетті оқуға түскен кездегі бағдарлама бойынша аяқтауы керек. Сол кезде 7 жыл оқуы керек деп белгіленген болса, сол 7 жылды толыққанды оқып шығуға тиіс. Кейінірек қолданысқа енген бағдарламаның бұл түлектерге қатысы жоқ. Сондықтан интернатураның тағы бір жылын оқып келсін. Содан кейін ғана резидентураға түсе алады”, – деді ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің Медициналық білім басқармасының басшысы Әсет Ізденов.

Пікірлер