Өзбекстанның Андижан облысында Ресей әскерінің сапында соғысқан азаматқа қатысты сот үкім шықты. Бұл туралы Uznews.uz жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылдың желтоқсанында 25 жастағы И.Х. табыс табу мақсатында Ресейге барып, курьер болып жұмысқа орналасқан. 2023 жылдың қаңтарында ол ұсталып, есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
2024 жылдың тамызында колонияда отырған кезінде И.Х. Ресей Қарулы күштерімен келісімшарт жасасып, Украина аумағындағы ұрыс қимылдарына жіберілген. Донецк маңындағы шайқастар барысында ол ауыр жарақат алған. Кейін әскери госпитальдарда ұзақ ем қабылдап, 2025 жылдың қыркүйегінде Өзбекстанға оралған. Елге келген соң құқық қорғау органдары оны қайта ұстаған.
Андижан облысының Жалакуудук аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты И.Х.-ны Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 154-бабының 1-бөлігі («Жалдамалылық») бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда сот айыпталушының жасын, Өзбекстанда бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындауын, сондай-ақ алған жарақаттарының салдарынан денсаулығының ауыр жағдайын ескеріп, жазаны екі жылдық сынақ мерзімімен шартты жазаға алмастырған.
Айта кетейік, қарашада Өзбекстанның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі 2022 жылдан бері ел азаматтарының шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу фактілері бойынша 338 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген еді.