Тіс емханасындағы бала өлімі. Анестезиологқа сот үкімі шықты

109
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UxRj6IbaPUCwpx9uOli6GuE55bVF35cmni5frMqZ.jpg
Астанадағы ауданаралық қылмыстық істер сотында 2025 жылғы 22 желтоқсанда тіс емханасында қайтыс болған қыз баланың жағдайына қатысты анестезиолог Айда Жұмағалиеваға қатысты қылмыстық істің үкімі жарияланды, деп хабарлайды "Адырна".
Сот төрағасы Қажымұқан Мекемтас айыпталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танығанын жариялады.
"Аида Жұмағалиеваға 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, сонымен қатар медициналық көмек немесе қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыру; 2025 жылғы 23 маусымдағы "Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 33 жылдығына байланысты амнистия туралы" Заңының 1-бабы бойынша негізгі жазадан босатылсын. Сот үкімі заңды күшіне енген соң Жұмағалиева өзі тұратын жеріндегі пробация қызметіне тіркелуге міндеттелсін", – деді сот төрағасы.
Айта кетсек,  Астанадағы Dental Park Ortho стоматологиясында үш жастағы қыз қайтыс болды. Қайғылы жағдай 2024 жылдың 30 қазанында болған. Содан кейін анестезиолог Аида Жұмағалиеваға қылмыстық іс қозғалды. Сотталушы іс барысында өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Бүлдіршіннің 9-11 тісін емдеу үшін «Севоран» наркозы салынған. Алайда қыз «ұйықтап» жатқан кезде жоспар өзгеріп, стоматолог оның 18 тісін емдеген. Қыз оянбай қалған.

18 желтоқсанда анестезиолог соңғы сөзін айтты. Ол кінәсін мойындамайтынын, өзінің абыройы мен қадір-қасиеті "тапталғанын" атап өткен. Сол күні сот процесі қорытынды пікірлермен аяқталды. Мемлекеттік айыптаушы Еркебұлан Шалқаров анестезиологты кінәлі деп тануды және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сонымен қатар 3 жыл мерзімге медициналық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұраған. Сондай-ақ ол  Конституция мерейтойына байланысты амнистия аясында жазадан босатуды ұсынған.
Пікірлер